Павлодарлық Жүсіпбек театры театр маусымын «Шәмші» спектакль-концертімен ашады
Аталған қойылымның былтырғы маусымда ғана тұсауы кесілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қасиетті Ертіс-Баян өңірінің мәдениетін асқақтатып жүрген Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры қыркүйек айының 15-ші жұлдызында 36-шы маусымын «Шәмші» спектакль-концертімен ашады. Павлодарлық көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Шәмші» спектакль-концерті жаңа маусымда да сахнаға ыстық сағынышпен қайта оралмақ. Авторы – Н.Тұрлыбек, режиссері – Ә.Ақанов.
15,16 қыркүйек күні сағат 17:00-де Шәмші Қалдаяқовтың өнері мен өмірі суреттелетін аталмыш туынды өзінің сүйікті көрермендерін күтеді.
– Жаңа премьералардан бөлек, театр ұжымы көптеген үлкен қалаларға, аудандарға гастрольдік сапарға шығу жоспарлануда. Сонымен қатар, еліміздегі бірқатар театр фестивальдеріне жолдама алып жатыр. Бүгінгі көрерменнің талғамына қарай қойылым қою оңай жұмыс емес. Алайда, осы кезеңдегі мәселелердің өзегін табуға ұмтылған режиссерлердің барын ескерсек, спектакльдердің жаңа мəдениетімізге беретін үлесі зор деп айтуымызға негіз бар. Сол мақсатқа жұмылдырылған Жүсіпбек Аймауытов театрының ұжымы талмай еңбек етіп, көрермен көңілін мерейлі сәттермен толтыруға ниетті, – дейді театртанушы, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразова.
Сонымен қатар, маусымның басы театр үшін фестивальдермен басталғалы отыр. Нақтырақ айтқанда, биыл Өскемен қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалі өткелі отыр. Аталмыш өнер додасына жақында ғана премьерасы болған «Менің атым Қожа» драмасы қатыспақ. Режиссері – Ж.Садықов.
Еске сала кетейік, 20-25 қыркүйек аралығында Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын 11 театр ұжымы «Ертіс-Баян» І республикалық театрлар фестивалінде бақ сынамақ.