Павлодарлық жас әншілер халықаралық додада шетелдіктерді тәнті етті
«Свет звёзды» ән театрының тәрбиеленушілері Fiestalonia Kazakhstan халықаралық байқауында өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Испанияның Fiestalonia Milenio халықаралық ұйымы ұйымдастырған шығармашылық байқау Астана қаласында өтті. Өнер бәйгесіне талантты орындаушылар қатысып, өздерінің вокалдық шеберлігін халықаралық қазылар алқасының алдында паш етті.
Павлодар облысының намысын М.М.Катаев атындағы оқушылар сарайының «Свет звёзды» үлгілі ән театрының тәрбиеленушілері қорғады. Жас өнерпаздардың қоржынында төрт бірінші және бір екінші орын бар.
Өз аталымы бойынша Айлана Жукина I See Red, Климентий Рудницкий Miracle және Лев Евтодиенко Sous le ciel de Paris композицияларымен бірінші орын алды. Айлин Ахметова The Winner Takes It All әнімен екінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Айлана Жукина мен Климентий Рудницкийден құралған дуэт Shallow әнін орындап, тағы бір жеңісті қоржынға салды.
Айлана Жукина үшін үлкен байқауға қатысу – көптен бергі арманының бірі. Жас әнші болашақ өмірін музыкамен байланыстырып, кәсіби әнші болуды және осы бағытта арнайы білім алуды жоспарлап отыр.
– Мен үшін бұл байқау қызықты әрі есте қаларлықтай өтті. Әсіресе, қазылар алқасының құрамында әртүрлі елдердің музыканттары болғаны ерекше әсер қалдырды. Өнер көрсеткеннен кейін ұпайлар бірден экранда пайда болды, сондықтан нәтижені сол сәтте-ақ біліп отырдық. Бұл, әрине, толқынысты күшейтті. Елена Михайловна екеуміз байқауға өте мұқият дайындалдық. Әнді бөліктерге бөліп талдап, орындауымды барынша даралауға тырыстық. Ол кісіге осы еңбегі үшін өте ризамын, – деді Айлана.
Ал вокалмен төрт жылдан бері айналысып жүрген Лев Евтодиенко үшін Астанадағы байқау бақ сынап отырған алғашқы халықаралық шығармашылық додасы. Жас әнші үшін француз тіліндегі композицияны орындау айтарлықтай қиындық туғызған.
– Біз күн сайын дайындалып, нөмірдің әрбір бөлшегін пысықтадық. Образымызды, қимыл-қозғалысты, интонацияны алдын ала ойластырдық. Әрине, француз тілінде ән айту оңай болған жоқ. Сондықтан оған көп уақыт бөлдік. «Свет звёзды» театрындағы достарым да бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Бұл сахнаға шыққан кезде көп көмектесті. Енді одан да көп еңбектеніп, басқа байқауларға қатысуға мотивациям арта түсті, – деді Лев.
Халықаралық деңгейде ұстаз Елена Валько да марапатқа ие болды. Ән театрының жетекшісіне «Халықаралық байқаулардың жеңімпаздарын қалай дайындауға болады» атты оқыту семинарына қатысқаны үшін атаулы сертификат табысталды. Оны Fiestalonia Milenio ұйымы президенті, доктор Давид Джапаридзен өз қолымен табыстаған.

Айта кетелік, жас вокалистерді байқауға дайындауға концертмейстер Светлана Миненко да атсалысты.
Халықаралық байқауға қатысу павлодарлық жас өнерпаздарға сахна тәжірибесін шыңдауға, өзге қатысушылардың шығармашылығымен танысуға және кәсіби тұрғыда одан әрі дамуға мүмкіндік бергені анық.