Павлодарлық жас өнерпаздар ҚР Халық әртісі Айгүл Үлкенбаевадан дәріс алды

Павлодарлық жас өнерпаздар ҚР Халық әртісі Айгүл Үлкенбаевадан дәріс алды
Фото Константин Шелков

Шығармашылық кездесу барысында өнер иесінің екі кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, жуырда музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешеніне ҚР Халық әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаева мен философия (PhD) докторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, «Hassak» этно – фольклорлық тобының жетекшісі Ержан Жәменкеев қонаққа келді.

Кездесу барысында Айгүл Үлкенбаева оқушылар мен студенттерге шеберлік сағатын өткізсе, 20-ға жуық жас өнерпаз әр түрлі жанрдағы интерпретацияларда жанды дауыста өнер көрсетті.

Концерт «MODEL 2.1.5. Dem al» жас орындаушылардың өнерге деген сүйіспеншілігі мен жігерлілігін, музыкалық халық аспаптарының барлық стильдері мен бағыттарын, орындаушылардың шеберлігін, сонымен қатар түрлі композициялардағы түстердің үйлесімін, костюмдерінің ерекшелігін, және қатысушыларының көңіл-күйін толық көріп, тамашалауға мүмкіндік берді.

- Бүгін біздің оқушылар қазіргі заманның көрнекті тұлғасымен өте жақын қарым-қатынаста болып, өздеріне күш-жігер алды. Мұндай шеберлік-сабақтар бізде бес жылда бір рет өткізіледі. Бұл кездесудің мақсаты ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жеке тұлғаның музыкалық мәдениетін қалыптастыруға, халқымыздың мәдениетіне, оларды рухани құндылыққа баулу және жас музыканттардың білімін, орындаушылық дағдыларын насихаттау және кәсібилігін арттыруды көздейді, - дейді мектеп-интернаты басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Ермекова.

Шығармашылық кездесу барысында дәулескер күйшінің «Домбыраға арналған шығармалар» жинағының 2-бөлімі мен шетелдік туындыдан тұратын кітабының тұсаукесері өтті. Осы кітапты Айгүл Үлкенбаева музыка колледжінің кітапхана қорына сыйлыққа берді.