Павлодарлық жас домбырашылар республикалық байқауда топ жарды

Павлодарлық жас домбырашылар республикалық байқауда топ жарды

Дүбірлі дода Астана қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жуырда елордада өткен «Күй - құдіретті әуез.Әуендер әлемі» атты республикалық байқауда Естай атындағы мәдениет сарайының жанынан құрылған «Мирас» домбырашылар ансамблі де бақ сынады. Жерлестеріміз ауқымды сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі І орындарға ие болды. 

Байқауда ансамбль мүшелері — Алуа Қадырбекова, Ильяс Қайырбаев, Ерасыл Қайырбаев қазақтың күй өнерін асқан шеберлікпен орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Орындаушылық нақыш, ансамбльдік үйлесім мен сахна мәдениеті ұлттық өнердің тереңдігін айқын көрсетті.

– Бұл жетістік — шәкірттердің үздіксіз ізденісінің әрі жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Сайран Мақышеваның кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен жұмысы осындай биік жетістіктерге жетелеп отыр. Естай атындағы мәдениет сарайының  өнерлі ұжымының бұл жеңісі – ұлттық мәдениетімізді ұлықтауға қосқан сүбелі үлесінің бірі ғана. Алдағы уақытта да «Мирас» домбырашылар ансамблінен үлкен үміт күтеміз,  – деді Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Қамат Әбдернасирова. 

«Үлгілі» «Мирас» домбырашылар ансамблі жас болса да өнер додаларынан қалыспай қатысып келеді. Мәселен,  былтыр 7 сәуірде Павлодар қаласында өткен  «Жаңғыру» шығармашылық орталығынның халықаралық байқауында  да жүлделі орынға ие болыпты.

Айта кетелік,  «Үлгілі» «Мирас» домбырашылар ансамблі 2019 жылы құрылған. Құрамында 20 домбырашы бар. Ұжымға  «Үлгілі» атағы 2024 жылы берілген.