Павлодарлық жастар құстарға арнап ұя жасауда

Павлодарлық жастар құстарға арнап ұя жасауда
Фото:pixabay.com

Ұяларды орналастыру құстардың санын арттыруға көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының өкілдері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Торайғыров университетінің студенттеріне құстарға ұя жасау бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Іс-шара барысында қатысушылар құстарға арналған ұяларды жасаудың практикалық дағдыларын меңгеріп қана қоймай, олардың табиғаттағы маңыздылығы туралы да мағлұмат алды. Құстарға арналған ұя олардың табиғи мекен ету орындары азайған жағдайда сенімді баспана болып табылады.

Мамандар құстардың жаңа баспанасы оларды қолайсыз ауа райынан аман өтіп, ұрпақ өрбітуіне мүмкіндік беретінін айтады. 

– Құстар табиғатта маңызды рөл атқарады – зиянды жәндіктерді жойып, орман мен ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғайды. Ұяларды орналастыру құстардың санын арттыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді, - дейді резерваттағылар.

Осындай игі бастамалар жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастырады.

Фото:  «Ертіс орманы» резерватынан.