Павлодар облысында пиротехника сатып, пайдаға кенелемек болғандар анықталды
Олар мерекелік отшашуды лицензиясыз сатпақ болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымына жол бермеу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Осы рейд аясында Павлодар қаласында полиция қызметкерлері тұрғындарға пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіруде. Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Наина Манапова жергілікті супермаркеттерде рейд өткізіп, сатып алушылармен әңгімелесті.
Тәртіп сақшылары пиротехниканы пайдалану тәртібіне, фейерверктерді заңсыз сатуға жол бермеуге және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тоқталды. Сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды қоғамдық орындарда пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Ал Екібастұзда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында тиісті лицензиясы жоқ пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактісін анықтады.
Тексеру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, пиротехникалық өнімдерді сату фактісі расталған.
– Аталған факті бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы орынға жолданды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов.
Полиция пиротехникалық бұйымдарды сатуға қажетті рұқсат құжаттары болған және белгіленген қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда ғана жол берілетінін ескертеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, «Пиротехника» іс-шарасының негізгі мақсаты – пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымының алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және Жаңа жыл мерекесіне дайындық кезінде жарақаттар мен жазатайым оқиғаларға жол бермеу.