Павлодарлықтар қаланың цифрлық фотоальбомын жасау мүмкіндігіне ие болады
«Логос» қоғамдық бірлестігі қалалық ішкі саясат бөлімі «ERTIS VISION» байқауын өткізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоба қаланың шынайы келбеті мен жасанды интеллект арқылы жасалған нұсқаларын біріктіретін цифрлық фотоальбом құруға бағытталған.
Жарыстың мақсаты – қаланың бүгінгі ортасын көрсету және оны цифрлық өңдеу мүмкіндіктерімен толықтыру. Байқауға фотографтар, цифрлық суретпен жұмыс істейтін мамандар қатыса алады.
Алдымен қатысушылар қаланың әртүрлі бағыттары бойынша фотосуреттер жіберуі керек. Атап айтқанда, архитектура, қала көшелері, Ертіс және табиғи аймақтар, индустриалды нысандар, мәдени және әлеуметтік орындар немесе тарихи локациялар.
– Қатысушылар әр бағыт бойынша екі фото жолдай алады. Суреттер өңдеусіз, түпнұсқада болуы тиіс. Өтінімдер 3-8 желтоқсан аралығында қабылданады. Барлық материалдар қазылар алқасына ұсынылып, фотолар техникалық сапасы мен мазмұнына қарай бағаланады, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінде.
Екінші кезеңде таңдалған фотолар цифрлық дизайнерлер мен ЖИ құралдарын қолданатын мамандарға беріледі. Олар осы суреттердің жасанды интеллект көмегімен жасалған нұсқаларын әзірлейді. Дайын жұмыстар 10-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Бағалау кезінде сапа, бастапқы фотомен байланыс және мүлтіксіз орындалуы ескеріледі.
Ең үздік «фото + AI-нұсқа» жұптары цифрлық фотоальбомға енгізіледі. Нәтижелер ұйымдастырушылардың әлеуметтік желілерінде жарияланады. Жоба аяқталған соң үздік жұмыстар көрмеде көрсетіліп, қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар тапсырылады.
Айта кетейік, жұмыстарды 100oookz@mail.ru поштасына жіберу керек.