Павлодарлықтар қаржылық алаяқтарға неліктен сеніп қалады?

Павлодарлықтар қаржылық алаяқтарға неліктен сеніп қалады?
Фото: Константин Шелков

Мамандар күмәнді қоңырауларға сенбеуді және сақ болуды ескертті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық сауаттылықты арттыру басқармасының құзыретіне қаржы ұйымдарына қатысты барлық нарықтық процестерді реттейді. Олардың құзыретіне банктер, сақтандыру ұйымдары, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, бағалы қағаздар нарығы кіреді. Сонымен қатар, агенттіктің тағы бір маңызды бағыты – қаржылық сауаттылықты арттыру. Басқарманың бас маманы Дмитрий Акмаевтың айтуынша, елде жалған несиелердің үлесі өте төмен – небәрі 0,001 пайыз. Дегенмен әрбір жағдайдың артында адамның тағдыры тұрғандықтан, азаматтарға сақтық шараларын үйрету маңызды.

– Қаржылық алаяқтық екі түрге бөлінеді: технологиялық және психологиялық. Технологиялық алаяқтық сирек кездеседі, себебі банктер мен қаржы ұйымдарының жүйесін бұзу қиын. Ал психологиялық қысым арқылы алдау әлдеқайда оңай. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің дамуына байланысты мұндай жағдайлар жиілеп отыр, – деді Дмитрий Акмаев.

Алаяқтар көбіне жалған аккаунт немесе нөмір арқылы хабарласып, мемлекеттік орган не банк атынан сөйлейді. «Сіздің атыңызға несие рәсімделді», «қылмыстық іс қозғалды» деген секілді үрей туғызатын ақпарат беріп, шұғыл әрекет етуге итермелейді. Мұндай жағдайда: мемлекеттік орган ешқашан бірінші болып хабарласпайтынын есте сақтау қажет, қысқа уақыт ішінде қатаң нұсқаулар беріліп, ешкімге айтпау талап етілсе – бұл алаяқтықтың айқын белгісі күмән туындаса, әңгімені дереу тоқтату керек. 

– Басты қағида – күмәндансаң, жасама. Егер несие рәсімдеу немесе ақша аудару түсініксіз көрінсе, ол әрекетті орындамаңыз, маманнан кеңес алыңыз, – деді маман.

Агенттік алаяқтықтың алдын алу үшін бірқатар жаңа тетіктер енгізген: «Салқындату кезеңі» – 150 АЕК-тен жоғары несиелер бір тәулікке тоқтатылады, бұл аралықта банк клиенттің шешімін қайта тексереді, жұбайлардың келісімі – 4 миллион теңгеден асатын несиелер тек ерлі-зайыптылардың екеуінің келісімімен беріледі, әскерилерге шектеу – әскери қызметшілерге жаңа несие берілмейді, бар қарыздарына жеңілдік қарастырылған, банктік карталарға лимит – резиденттерге бес картадан, бейрезиденттерге екі картадан артық берілмейді, антифрод-орталық – күмәнді қаржы операциялары автоматты түрде 3–5 күнге дейін бұғатталады.

Алаяқтар азаматтар туралы мәліметті туроператорлар, әлеуметтік желілер немесе бұзылған пошта арқылы оңай таба алады. WhatsApp секілді қосымшаларға зиянды сілтемелер жіберу – жиі қолданылатын әдіс.

– Ең қарапайым кеңес: егер танысыңыз ақша сұраса, міндетті түрде өзіне хабарласып, жеке сөйлесіңіз. Үшінші тұлғаның картасына ақша аудармаңыз. Егер күдікті карта нөмірі берілсе, 112 нөміріне немесе полицияға дереу хабарласыңыз. Бұл алаяқтық тізбегін тоқтатуға көмектеседі, – деді Дмитрий Акмаев.

Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері азаматтарды әрдайым қырағы болуға шақырады. Қаржы ұйымдарының атынан келген күмәнді хабарламаларға сенбеу, жеке деректерді абайлап беру және күдік тудыратын жағдайда полицияға жүгіну – алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы екенін атап өтті.