Жалған нөмір жарға жықпасын: Павлодарда рейд жалғасуда
Павлодарлық жүргізушілер арасында жалған нөмір таққандар жауапқа тартылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ көлік құралдарын көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқаратын жүргізушілерді анықтауды қолға алды. Осы мақсатта 10-14 маусым аралығында «Жалған нөмірлер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
– Іс-шараның алғашқы күнінің өзінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 152 дерегін анықтады. Оның ішінде жалған нөмір орнатудың 2 фактісі және жалған нөмірмен көлік басқарудың 4 фактісі тіркелді. Сондай-ақ 21 жүргізуші оқылмайтын мемлекеттік нөмірмен жүрген, 6 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан, ал 9 адам көлікті мас күйінде басқарған. Әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 23 көлік құралы арнайы тұраққа қойылды, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедиянов.
Мәселен, Еңбек ауылында патрульдік полиция қызметкерлері ВАЗ автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Тексеру барысында оның көлікті жалған мемлекеттік нөмірмен басқарғаны анықталды. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлігі мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Полиция жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану – қоғамдық қауіпсіздікке қарсы жасалатын ауыр құқық бұзушылық екенін еске салады. Бұл жолдағы көлік құралдарын және автоматты тіркеу жүйелері арқылы олардың иелерін дұрыс анықтауға кедергі келтіреді. Осыған байланысты тәртіп сақшылары көлік иелерін заң талаптарын қатаң сақтауға және өз көліктерін уақытылы тіркеуге шақырады.