Павлодарлықтар Астанада өткен триатлонда топ жарды

Павлодарлықтар Астанада өткен триатлонда топ жарды
Фото: Қазақстан триатлон федерациясы

Әуесқой спортшылар халықаралық Asia Triathlon Cup турнирінде жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елордадағы триатлон-паркте маусымдағы ең ірі жарыстардың бірі – Asia Triathlon Cup Astana 2026 халықаралық турнирі өтті. Додаға әлемнің 20 елінен 460-тан астам спортшы қатысып, Elite, Junior және Age Group санаттарында бақ сынады.

Павлодар облысының намысын тоғыз әуесқой спортшы қорғады. Олар жеке есепте олимпиадалық қашықтықты бағындырды: Есіл өзенінде 1500 метр жүзу, 40 шақырым велокезең және 10 шақырым жүгіру. Тағы үш павлодарлық осы қашықтықта командалық эстафетаға қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша 35–39 жас санатында павлодарлық Елена Бреус чемпион атанды. Спортшының ұлы Ислам Хашиев 18–24 жас санатында күміс жүлдеге ие болды. Ал 45–49 жас аралығында Константин Ведмедь қола медаль жеңіп алды.

Спортшының айтуынша, триатлонда жеңіл жарыс болмайды.

– Қашықтық қысқа ма, әлде ұзақ па – бәрібір бар күшіңді салуға, өзіңді және түрлі жағдайларды жеңуге тура келеді. Бұл жолы басты сынақ аптап ыстық болды. Жарыс түскі уақытқа ауыстырылып, ауа температурасы +35 градусқа дейін көтерілді. Әрине, жарыс барысында қиындыққа төзесің, бірақ мәреге жеткен соң бәрі ұмытылады. Есте тек әсерлі эмоциялар қалады. Спортшылардың қолдауы, ұйымдастырушылардың жұмысы ерекше ұнады. Жүгіру мен велокезең бағыты өте жақсы ойластырылған. Өз басым бұл жарысқа жоғары баға беремін, – деді Константин Ведмедь.

Константин үшін бұл жарыс Ницца қаласында өтетін Ironman 70.3 әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі болды. Алда оны жаттығулар мен әлемнің үздік триатлоншыларымен бәсекеге толы дода күтіп тұр.

Павлодардан жарысқа әуесқой триатлоншылардың үлкен тобы барды. Өңір өкілдерінің барлығы мәреге сәтті жетіп, лайықты өнер көрсетті. Кейбір қатысушылар үшін бұл спорт түріндегі алғашқы мәре болды.

Қатысушылар өздерінің төзімділігін тек қашықтықта ғана емес, аптап ыстықта да сынады. Жарыс күндері ауа температурасы 30 градустан жоғары болды.