Павлодарлықтар біржолғы әлеуметтік көмекті қалай ала алады
Облыс орталығында пешпен жылынатын жеке секторда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға қатты отын алуға әлеуметтік көмек көрсетуге құжаттар қабылдауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәлімдеуінше, «біржолғы» әлеуметтік көмек 69 000 теңгені құрайды.
- Әлеуметтік көмекті 1,2,3 топтағы мүгедектігі бар адамдар, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар ала алады. Олардан талап етілетін құжаттар тізіміне мүгедектік туралы анықтама, жеке куәлік, тұрғын үйге меншік (пайдалану) құқығын растайтын құжат, жалдау шарты, жалдау шарты болмаған жағдайда тексеру актісі және банктен 20 таңбалы шот ұсынылады. Ал тексеру актісі бойынша Павлодар қаласы Ак. Шөкин көш, 29/1 немесе 670993 телефоны бойынша білуге болады, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көп балалы отбасылар да аталған көмекке қол жеткізе алады. Ол үшін жеке куәлік, көпбалалы отбасының мәртебесін растайтын құжат, тұрғын үйге меншік (пайдалану) құқығын растайтын құжат, жалдау шарты, жалдау шарты болмаған жағдайда тексеру актісі ұсынылады (тексеру актісі бойынша Кривенко к – сі, 25, «Open Pavlodar» фронт-офисі №3үстел), және банктен 20 таңбалы шот керек.
Сонымен затар, өтініш берген кезде отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2023 жылғы 3 тоқсанда 51 221 теңге) аспайтын отбасылар да қатты отын алуға берілетін бір реттік көмекті ала алады. Мұнда олар жеке куәлік, отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшелеріне өткен айдағы жұмыс орнынан түскен табыс туралы анықтама, тұрғын үйге меншік (пайдалану) құқығын растайтын құжат, жалдау шарты, жалдау шарты болмаған жағдайда тексеру актісі ұсынылады (тексеру актісі бойынша Кривенко к – сі, 25, «Open Pavlodar» фронт-офисі №3 кесте) және банктен 20 таңбалы шот тапсыру керек.
Құжаттар Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25, «Open Pavlodar» фронт-офисі № 3 үстел мекенжайы бойынша қабылданады.