Павлодарлықтар елдің қалыптасу жолы туралы білімдерін кеңейтеді

Павлодарлықтар елдің қалыптасу жолы туралы білімдерін кеңейтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шара ел тарихына қызығушылықты танытуға және азаматтық пен патриоттық сезімді тәрбиелеуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

25 қазан күні сағат 11:00-де Ертіс мұражайында Республика күніне арналған «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

– Республика күні – ел өміріндегі тәуелсіздік пен егемендіктің маңыздылығын айғақтайтын айтулы оқиға. Бұл мереке Қазақстанның сан ғасырлық тарихын, тәуелсіз мемлекет ретіндегі жетістіктерін еске түсіреді. Ол әрбір азаматты елдің дамуы мен нығаюындағы өз рөлін сезінуге шақыра отырып, бостандық пен бірлік құндылықтарын барлық ұрпаққа еске салады. Республика күні жастарды қоғам өміріне белсене араласуға, туған өлкесінің тарихы мен дәстүріне құрметпен қарауға ынталандырады, – дейді ұйымдастырушылар.

Дөңгелек үстелге облыстың жоғары оқу орындары мен мектептерінің тарихшылары, оқытушылары мен студенттері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысады.

Іс-шарада Инновациялық Еуразиялық университеттің «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Сүлейменов, Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжінің әлеуметтік пәндер оқытушысы, педагогика және психология магистрі Баян Мужикбаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-кураторы, география мұғалімі Самал Тайлақова және Торайғыров университетінің «Археология және этнология» мамандығының 3-курс студенті Альмира Аяпбекова сөз сөйлейді.