Павлодарлықтар ХҚКО-ларда жеке менеджер қызметін пайдалана алады

Павлодарлықтар ХҚКО-ларда жеке менеджер қызметін пайдалана алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Бұл қызмет фронт-офистерде де, сондай-ақ маманның үйге баруы арқылы да қолжетімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен жылы облыстың 1400 тұрғыны мемлекеттік қызметтерді кезексіз әрі жеке сүйемелдеумен алуды таңдаған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.

– «Жеке менеджер» қызметі барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында, соның ішінде мамандандырылған орталықтарда да көрсетіледі және қызметті басымдықпен алуды көздейді. Оны алу үшін тіркеу үстеліне жүгініп, келісімшарт жасау қажет. Осыдан кейін маман құжаттарды рәсімдеудің барлық кезеңінде қызмет алушыға жеке сүйемелдеу көрсетеді, – дейді мемлекеттік корпорациядағылар.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бұл қызметтің құны – 5 697 теңге, ал мамандандырылған орталықтарда – 6 306 теңге. Қажет болған жағдайда жеке менеджер алдын ала өтінім бойынша келісілген уақыт пен мекенжайға бара алады. Мұндай көшпелі қызметтің құны – 7 447 теңге.

Көшпелі форматта паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін рәсімдеу және көлік құралдарын қайта тіркеу қызметтерінен басқа барлық қызмет түрлері көрсетіледі.

«Жеке менеджер» қызметін облыстың кез келген тұрғыны пайдалана алады. Бұл әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға, сондай-ақ жұмыс кестесі тығыз адамдарға ыңғайлы.

Мұндай менеджерді үйге шақыру үшін өтінім мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында беріледі. Ол үшін «Азаматтарға арналған қызметтер» бөліміне өтіп, «Жеке менеджердің үйге баруы» бөлімін таңдап, «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті деректерді толтыру керек. Осыдан кейін телефон нөміріне растау коды бар SMS келеді. Бір жұмыс күні ішінде оператор өтініш берушімен байланысып, сапардың уақыты мен басқа да мәліметтерді нақтылайды.

Кеңес алу және өтінім қалдыру үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Өтініш берушіге жеке менеджердің үйге баруына өтінім беру үшін арнайы сілтеме бар SMS жіберіледі.