Павлодарлықтар мамыр айында драмалық абсурдтың куәсі бола алады

Павлодарлықтар мамыр айында драмалық абсурдтың куәсі бола алады
Фото: Валерий Бугаев

Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры алдағы айдың репертуарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мамыр айының соңына дейін көрермендер назарына 10 қойылым ұсынылады. Оның ішінде павлодарлық әртістер бір драмалық абсурд қойылымды екі рет сахналайды.

«Қызыл алма» комедиясы 

1 мамыр, сағат 17:00-де

Өзі сұлу, өзі іске ширақ және нағыз ұлттық әдеп-ғұрып, салт-дәстүр негізінде тәрбиеленген қызға сөз айтып, құда түсушілер жетеді. «Қызды көрем деген жігітті  біз көрейік»  деген ниетпен қызжақ  жігітті сынамақ оймен әртүрлі әзіл-айла ойлап табады. Жігіт қандай да қиын жағдайларға тап болса да тапқырлық көрсетіп, қызды шын ниетімен сүйетінін дәлелдеп сынақтан мүдірмей өтеді.

Авторы: Еркін Күншуақов, режиссері – Әділет Ақанов.

Театр ұжымы 2 мамыр күні сағат 18:30-да «Балалық шаққа саяхат» қойылымымен Атамекен кентіне гастрольдік іссапармен барады. 

Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша сахналанған қойылымда сол бір қиын қыстау кездердің ауыр жағдайын, жазушының  тағдырында тартқан тауқыметі жөнінде баяндалады. Қара талқан, қара сумен амалдап күн кешсе де жарқын күндерден үміт үзбеген бала жүрек арманның асылына, мақсаттың биігіне ұмтылады.

Авторы –  Бердібек Соқпақбаев, режиссері – Жангелді Садықов.

«У-Сана» ертегісі

8 мамыр, сағат 12:00-де

Ауылда өскен Еркін және қалада өскен бауырлары Ермек пен Айгүлдің арасында үлкен талас шығады. Смартфон арбауына шырмалған бауырларын Ермек қалай құтқармақ? 

Авторы –  Сағаділдә Үсіпәлі, режиссері – Жангелді Садықов.

«Жәмила» драмасы (кіру тегін)

9 мамыр, 17:00-де

Ш.Айтматовтың «Жәмила» повесінің желісі бойынша сахналанған қойылымда мөлдір махаббат пен шынайы сезім көрініс тауып, қайсар Жәмиланың тағдыры бейнеленеді. Ауыр жылдардың жаңғырығы әйел болмысына ойран салып, тағдырын шимайласа да жүрегінің үзілмеген әні үмітіне дем берді. Жәмиланың жаны ақ бұлттан жаралғандай кіршіксіз болса, мейірімі күннен таралғандай сәулелі еді. Табиғаты сыршыл, ақын жанды Жәмиланың сезімі мен сенім биігінде жолыққан Даниярдың махаббаты жарыққа жетеледі. Қараңғылықтан арашалады. Қос ғашық сөздеріне берік, сезімдеріне адал бола білді. Олар таптаурындылықтың қамытын шешіп, жарқын болашаққа қадам басты.

Авторы –  Шыңғыс Айтматов, режиссері –  Жангелді Садықов.

«Айлакер түлкішек» ертегісі 

13 мамыр, сағат 10:30-да 

Қуыршақтар арқылы балалардың адамгершілік қасиеттерін бойына дарытып, ойлау, есту, қабылдау қабілеттерін дамытатын қойылым. 

Авторы –  Валдис Павловскис, режиссері – Нұркен Тұрлыбек. 

«Пері қатын» драмалық абсурд 

Премьера 

20-21 мамыр, сағат 18:30-да

Миллиондаған адам өмірін құрбан еткен сұрапыл соғыс отыз жыл бойы жалғасып келеді. Жауыздар заманы басталды. Адамның рухани байлығы мен ішкі жандүниесі тарылып, билік ақшасы мен күші барлардың қолына көшті. Халық аштық пен зұлымдықтан зардап шегіп, соғысты табыс көзіне айналдыра бастады. Адамгершілік пен адалдық шетте қалып, адамның өзі ешбір құны жоқ затқа айналды.

«Қымбатты Елене Сергеевна» психологиялық драмасы

25 мамыр, 17:00-де

11 «б» сынып оқушылары ұстаздары Елена Сергеевнаны туған күнімен құттықтауға үйіне келеді. Қолдарында математика мұғаліміне әдейілеп алған сыйлықтары да бар. Залдағы көрермендердің «енді бір әдемі отырыс болар» деп ойлауы да әбден мүмкін. Бірақ, оқиға  мүлдем басқа арнаға бұрылады. Ұстаздарын құттықтауға келген оқушылардың өз есептері бар. Олардың мақсаты – жалғызбасты, анасы ауруханада жатқан қамкөңіл Елена Сергеевнаның көңілін аулау емес, одан жазылған бақылау жұмыстары сақталған сейфтің кілтін алу, өздерінің нашар жазылған жұмыстарын ауыстырып қою. Ал биік адамгершілік рухта тәрбиеленіп, нағыз еңбектің не екенін жақсы білетін адамның шәкірттерінің мұндай ұсынысына келісе қоюы мүмкін бе? Оқиға осы жерден мүлдем шиеленісе түседі. 

Авторы – Людмила Разумовская, режиссері – Әділет Ақанов. 

«Бір досың керек екен» комедиясы 

27 мамыр, 18:30-да

Спектакльде  жек көрсе де жауға бермес, өкпелесе де өлімге қимас, жақтырмаса  да жарға итермес екі дос туралы болмақ. Тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы суреттеледі.

Авторы – Георгий Хугаев, аударған – Мұқанғали Томанов, режиссері –  Жангелді Садықов.

«Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы

29 мамыр, сағат 18:30-да

Басты кейіпкерлер Катя мен Митя бір-бірін жақсы көрсе де, балалық па, қызулық па сөзден сөз шығып, ақыры ажырасуға бел буады. Ажырасқан күннің өзінде баратын жерлері болмағандықтан бір пәтерде, ары қарай бір-бірінің көзіне күйік болып өмір сүріп жатады. Қазіргі қоғамда белең алған ажырасулардың себебі неде? Кейіпкерлердің «Біз бөлек жандар екенбіз» деген басты жауаптары бір кездері жалындаған ұлы сезімнің, кейін өмір сынағынан өтпей қалғандығына басты айғақ па? Сұрағы көп, жауабы аз өмірдің жұмбағын әрбір кейіпкер өзінше шешеді, өз тағдыры арқылы ұғынады. 

Авторы –  Александр Володин, режиссері – Әділет Ақанов. 

«Оян қазақ...ойлан қазақ» драмасы (кіру тегін)

31 мамыр, сағат 17:00-де

Тәуелсіздікті арман еткен қазақтың аяулы азаматтары, Алаш партиясының көсемдері Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтардың  Сталин саясатын жүргізуші, елді қырғынға ұшыратқан Голощекинмен күресі баяндалады. Туған елінің тәуелсіздігін, халқының бостандығын саудалаған сатқын жауыздар да өз арамыздан шығатыны көрсетіледі.