Павлодарлықтардың тұрмыс сапасы цифрландыру арқылы жақсарады
Өңірде коммуналдық желілерді толық цифрлық бақылауға алу және әлеуметтік көмек көрсетудің ашық жүйесін енгізу жұмыстары басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландырудың басым бағыттары айқындалды. Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиында бұл салалардағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Бүгінде облыс қалаларындағы инженерлік желілерді цифрландыру деңгейі шамамен 30%-ға жетті, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу міндеті тұр.
ТҮКШ кәсіпорындарында жабдықтардың ақауларын ерте анықтау жүйелері, жылу желілерінің цифрлық егіздері, сондай-ақ суды қашықтан есепке алу жүйелері енгізілуде. Бұл шешімдер ықтимал апаттарды уақтылы анықтауға және басқарудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Табысты жобалар облыстық ситуациялық-талдамалық орталыққа біріктіріледі.
Әлеуметтік салада да ауқымды өзгерістер күтілуде. Медициналық ұйымдарда пациенттерді FaceID және «Цифрлық құжат» арқылы сәйкестендіру жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қолдану жоспарланған. Сонымен қатар, білім беру мен әлеуметтік қолдау саласында барлық көмек шаралары – ақшалай төлемдерден бастап тамақ пен дәрі-дәрмек ваучерлеріне дейін — «Әлеуметтік әмиян» форматына көшіріледі.
Өңірді интернетпен қамту деңгейі 99,4%-ды құраса, 2027 жылға дейін 207 ауылдық елді мекенде талшықты-оптикалық байланыс желілері салынады. Облыс әкімі цифрландырудың басты мақсаты үдерістерді оңтайландыру арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын нақты жақсарту екенін атап өтті.