Павлодарлықтарды қала күнімен құттықтады

Павлодарлықтарды қала күнімен құттықтады
Константин Шелковтың иллюстративті сурет

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қала тұрғындарына құттықтау және ізгі тілектерін арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әкімдер атап өткендей, Павлодар — жүрекке жақын, жанға ыстық қасиетті мекен. Бұл – әрқайсысының балалық шақ естелігі, өмірдің мәні мен мағынасы тоғысқан туған шаһары.

– Бүгінде ерке Ертіс жағасындағы көрікті қаламызда 370 мыңнан астам тұрғын тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бәрімізді туған жерге деген сүйіспеншілік пен оны көркейтуге деген ұмтылыс біріктіреді.

Бүгінде Павлодар - серпінді дамып келе жатқан, заманауи, келбеті жаңарып жатқан қала. Көшелер абаттандырылып, жаңа нысандар бой көтеріп, инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Бұл жетістіктердің барлығы – сіздердің игі еңбектеріңіздің арқасы, – делінген құттықтауда.

Асайын Байханов пен Хасар Хабылбеков әрбір павлодарлыққа денсаулық, бейбітшілік, бақыт пен бақ-береке тіледі.