Павлодарлықтарды баспанамен қамтуға қосымша қаржы табылды
Одан бөлек, бұл қаражат көктемгі егістік жұмыстарын өткізу мен фермерлерді субсидиялауға жетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында 2024 жылға арналған бюджет нақтыланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук сөз еткендей, бұл іс-шараның себебі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін қосымша қаражат көзі табылды.
Облигациялар шығару есебінен қосымша 14 миллиард теңге, салықтан төрт және облыстық бюджет қаражатын қайта бағыттау арқасында тағы төрт миллиард теңге пайда болды. Барлығы 22 миллиард теңге табылды.
Бұл ақшаға тұрғындардың әлеуметтік осал топтары үшін жалдамалы 815 пәтер сатып алынып, «Достық» мөлтек ауданында көппәтерлі тұрғын үй салынады.
- Тұрғындардың әлеуметтік осал топтағы кезектегі тұрғандарды баспамен қамту – біздің басты міндет. Жалпы көп жылдан бері облыс бойынша бірінші рет 815 дайын пәтер беру жоспарлануда. 500-ге жуығы қалада, қалғаны шамамен 40 проценті әділетті түрде аудан мен моноқалаларда үлестірелі. Қазір кезекте 24 мың адам тұр, көп жылдан бері ауылдарда мүлдем үй салынбады деуге болады, - деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, қосымша табылған қаражатқа көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын өткізу, сондай-ақ фермерлердің несиелері мен лизингке алған мал, техника мен құрал-жабдықтарға кеткен шығынын өтеу жоспарлануда.
Бюджет ішінде қаражатты қайта бағыттау арқасында Шарбақты ауданының Арбиген, Заборовка, Шалдай, Сосновка, Алексеевка және Александровка ауылдарында мектеп жөнделеді.
Депутаттар аталмыш бастамаларын қолдады. Облыстық бюджеттің нақтыланған көлемі 471,5 миллиард теңгені құрады.