Павлодарлықтар өз аулаларында полицияға сауал қойды
Тәртіп сақшылары алаяқтықтың алдын алуға қатысты арнайы кеңестер беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста халықпен байланысты нығайтуға, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыруға және өзекті мәселелерді жедел шешуге бағытталған «Ауладағы қабылдау» республикалық акциясы өтіп жатыр.
Акция барысында полиция өкілдері тұрғындардың өтініштері мен сауалдарын қабылдап, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ интернет-алаяқтыққа қарсы сақтық шаралары мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары түсіндірілуде.
Кезекті кездесу қалалық полиция басқармасының оңтүстік полиция бөлімінің №14 тірек пунктінде өтті. Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің мамандары Усолка шағын ауданының тұрғындарымен жүздесіп, жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу тәсілдері туралы ақпарат берді. Кездесу барысында тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойып, қажетті кеңестер алды. Сондай-ақ полиция назарын талап ететін мәселелерді көтеріп, тиісті өтініштерін жеткізді.