Екібастұзда тазалыққа салғырт қараған кәсіпкер жазаланды
Ол кафенің қасына қоқыс жинаған, деп хабарлайды @Pavlodarnew.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ тұрғындары арасында абаттандыру ережелерін бұзу жиілеген.
– Мысалы, Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп көшесінде орналасқан кәсіпкер кафе ғимаратының жанына қоқыс жинаған. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін кәсіпкер жазаланады. Жалпы, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 20 АЕК, кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 100 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл қарастырылған, – дейді Екібастұз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Самат Омаров.
Айта кетейік, ағымдағы жылы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 2036 азамат жауапқа тартылды, оның 221-сі - Екібастұз өңірінің тұрғындары. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылды.