Павлодарлықтың көзімен Астанаға таңғы серуен
Елордаға таңсәріде жеткен @Pavlodarnews.kz тілшісі әлі ояна қоймаған қаланың тынысын сезініп қайтты.
Таңғы қалада ешқайда асықпайсың. Уақытты қуаламайсың, қайта оған алдыңнан жол бастауға мүмкіндік бересің. Ол саған жаңа атқан таңның қақпасын асықпай айқара ашып, қаланың сырын біртіндеп паш етеді. Бұл мезетте шаһар көліктерге де, іскерлік кездесулерге де, толассыз қарбаласқа да тиесілі емес. Ол – оны шынайы қалпында көргісі келетін жанның еншісінде.

Асықпай аяңдап, ақ сүттей қою тұман жамылған жағалауға жетесің. Күннің алғашқы шапағы биік ғимараттардың шынысына шағылысып, олардың салқын келбетін жалындаған кенепке айналдырады. Сол кенептің бетіне жаңа күннің шежіресі қайта жазылып жатқандай әсер қалдырады. Ал сирек кездесетін көше тазалаушылары түннің соңғы іздерін Есілге қарай сыпырып, өзен үстінен күн де баяу көтеріліп келеді.
Одан әрі тым-тырыс көшелермен жүре бересің. Тіпті көгілдір таспадай созылған жеңіл рельсті пойыздың зуылы да таңғы тыныштықты бұза алмайды. Бірақ бұл үнсіздік бос емес. Оның әр сәті үмітке, күтуге толы. Қала әлі толық үн қатқан жоқ, дегенмен баяу тыныстап, иығын жазып, жаңа күнге дайындалып келеді.

Ғимарат қабырғаларындағы сансыз терезелер ежелгі жартасқа қашалған таңбалардай қаланың шексіз шежіресін түзеді. Сырттай қарағанда бәрі бір-біріне ұқсайды. Бірақ әр әйнектің ар жағында өз тағдыры, өз арманы, өз қуанышы мен үміті бар. Қала ешқашан жансыз болмайды. Оның шынайы келбеті дәл осы көзге көріне бермейтін мыңдаған тағдырдан құралады.
Мозаикамен көмкерілген ирек қабырғаның етегінен кенет сарқырама бой көтереді. Су бір сәтке де аялдамай төмен құлап жатыр. Ол бұл қалада уақытты ешкімнің тоқтата алмайтынын еске салғандай. Оның өз ырғағы енді ғана үдей бастады. Ал әзірге біз тек сол ырғақпен қатар жүре аламыз... жүгіруге кейін де үлгереміз.

Көпір үстінде күн сәулесі металл бойымен өзен суындай еркін сырғиды. Жарықтың жолын ештеңе бөгей алмайды. Ол әйнектен шағылысып, қоршауларды бойлай сырғып, шатырлардың өрнегіне қонады. Мұның өзінде де адамға тән бір қасиет бар секілді: алда тек суық бетон мен темір ғана тұрғандай көрінсе де, бәрібір өз жолыңды табуға ұмтылу.
Алыстан құрылыс крандары көмкерген көкжиек көзге шалынады. Біреу көк аспанның үстіне қарындашпен елорданың жаңа сұлбасын қайта-қайта сызып жатқандай. Бәлкім, бұл қаланың келбеті ешқашан толық аяқталмайтын шығар. Ол өзін үнемі жаңартып, уақытпен жарысып, алға да, биікке де ұмтылу – табиғи болмысы екенін дәлелдеуге тырысып тұрғандай.
Осының бәрінен биіктеп, аспанға бой созған зымырандар мен соларға үндес мұнаралар, зәулім ғимараттар көз тартады. Заманауи сәулет өнерінде әрдайым мүмкін еместі мүмкін етуге, көкке қол созуға деген адамзаттың мәңгілік арманы сезіледі.

Қала енді толық оянды. Даңғылдарға көліктер ағылып, күнделікті қарбалас өз ырғағын тапты. Ол іскер де, шынайы. Таңертең біз ғимараттарды көреміз, күн көтерілгенде олардың арасындағы жарықты байқаймыз. Таңда өз ойымыздың үнін естиміз, күндіз көлік легінің толассыз гуіліне құлақ үйренеді. Таңда қадам санаймыз, күндіз шақырымдарды артқа тастаймыз. Ал кешке жүріп өткен жолымызды алған әсерімізбен өлшейміз.
Сондықтан болар, ең қымбат серуендердің бәрі көпшілік әлі ұйқы құшағында жатқан шақта болады.

Таң бір-ақ сәтте өмірді өзгертуге уәде бермейді. Бірақ ол үйреншікті дүниеге деген көзқарасыңды білдіртпей өзгертеді. Биік ғимараттардың шағылысынан, өзен үстіндегі тұманнан, су себілген көшедегі шалшықтан көрінген қала бейнесінен, гүлзарды суарған шашыратқыштың кемпірқосағынан, жолыққан бейтаныс жаннан және елордаға арнайы келген жақындарыңмен қауышқан сәттен сұлулықты көруге үйретеді.
Сонда ғана түсінесің: Астанаға сапар – өмір жолындағы картадағы екі нүктенің арасын жалғайтын қашықтық қана емес. Бұл – қаланың саған жарықтың, тыныштықтың және жаңа таңның тілімен тіл қатып, сырласқа айналатын ерекше бір сәті.