Павлодарлық ата-әжелер жастарға бірліктің маңыздылығын түсіндірді

Павлодарлық ата-әжелер жастарға бірліктің маңыздылығын түсіндірді
Фото: Автор

«Кәусар бұлақ» ата-әжелер клубының жұмыстары көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, ынтымақ күніне орай «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға «Кәусар бұлақ» ата-әжелер клубының, славян мәдени орталығының мүшелері және мектеп оқушылары қатысты.

–   Еліміздің байтақ даласы бүгінде 130-дан артық ұлт өкіліне ортақ отан болып тұр. Сондықтан бәріміз өзге ұлттардың салт-дәстүрін құрметтеп, өз ұлтымыздың дәстүрін дәріптеуіміз керек, – дейді «Кәусар бұлақ» ата-әжелер клубының мүшесі Ханый Күріш.

Клубтың мүшелері өздері жасаған қамшы, сырмақ, құрақ көрпе секілді қолөнер бұйымдарын және славян этномәдени орталығы көненің көзі болған тұрмыстық заттарын жасөспірімдерге көрсетті.