Павлодарлық айтыскер автокөлік ұтып алды
Айтыс Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданындағы Мойылды шатқалында Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті, геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Бұл айтыста Аспанбек Шұғатай, Рауан Қайдар, Нұрқанат Қайрат сынды жергілікті айтыскерлерден бөлек қарағандылық Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, тараздық Айтбек Тұрсынбай, елордалық Еркебұлан Қайназаров, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов, Шығыс қазақстандық Нәрия Ақбабақызы, атыраулық Батыржан Кәдірбай, маңғыстаулық Абай Жолмағанбет өнер көрсетті.
Бірінші айналым Баянауыл ауылында С.Торайғыров мәдениет үйінде өтті. Ал екінші кезең Мойылды шатқалында жалғасты.
Айтыс қорытындысы бойынша, үшінші орынды Нұрлан Есенқұлов пен Рауан Қайдаров иеленсе, екінші орынды Тілеген Әділов қанжығалады. Бірінші орын Абай Жолмағанбетке бұйырды. Ал бас жүлде мен автокөлікті жергілікті айтыскер Аспанбек Шұғатаев алды. Сондай-ақ, Мәшһүр Жүсіп жүлдесіне, яғни 700 мың теңгені Еркебұлан Қайназар ие болды.
Айта кету керек, айтыста бірінші орынға үш миллион, екінші орынға екі миллион, үшінші орынға бір миллион теңге табысталды.