Павлодарлық ақсақал республикалық бата беру байқауында бірінші орынды жеңіп алды
Ақсақалдар арасындағы І республикалық бата беру байқауы Астанадағы Бас мешітте өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған жарыста Павлодар облысының намысын ҚР Мәдениет қайраткері, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Балтабай Сыздықов қорғады. Зәулім мешіт ішін облыстық іріктеу кезеңінен оза шауып келген дуалы ауыз 20 ақсақал батамен жаңғыртты. Қазылар алқасы шариғат пен дәстүрге сай мағыналы бата беру, дауыс ырғағы, киім үлгісі, қосымша сұрақтарға жауап беру талаптарына ерекше назар аударды. Аталған кезеңдерден мүдірмей өткен Балтабай Сыздықов 1-орынды жеңіп алды.
Қария қазақтың салт-дәстүрі «Бәсіре» жайлы айтып, «Жаңа ай» батасын берді.
– Қазақ халқы тіршілігін салт-дәстүрмен, батамен өрнектеп отырған. Сондай дәстүрдің бірі «Бәсіре» деп аталады. «Бәсіре» деген дүниеге көптен күткен ұл бала келгенде балаға бота, құлын арнайды. Бұл тек қана ұл балаға беріледі, – деді Балтабай Сыздықов.
Барлық қатысушы ақсақалдарға қаржылай сыйлық берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Балтабай Сыздықов Журналистер Одағының мүшесі. 2019 жылы Атырау қаласында өткен «Батаменен ел көгерер» атты республикалық бата беру байқауында бірінші орынды иеленген.