Павлодарлық студенттер Франциядағы WorldSkills байқауына қатысу үшін сынға түседі
Команда Қазақстан бойынша үздік бестікке енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанада «WorldSkills Kazakhstan-2023» республикалық чемпионатының қорытындысы шығарылды. Оған республиканың барлық аймақтарынан жас мамандар қатысты. Павлодар колледжінің студенттері 28 құзыреттілік бойынша өнер көрсетті.
– Өңірлердің жалпы рейтингінде павлодарлықтар республика бойынша үздік бестікке енді. Шәкірттеріміз 8 медаль мен 10 «үздік медальонға» ие болды,–деді облыстық білім беру басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айнұр Иманшәріпова.
Байқауда ақпараттық технологиялар колледжінің 1 курс студенті Даниил Барт «Веб-технология» және қызмет көрсету және тамақтану колледжінің 2 курс студенті Артур Лейман «Мейрамхана бизнесі» құзыреттілігі бойынша алтын иеленді. Ал монтаждау колледжінің 4 курс студенті Евгения Рагимоваға «Кескіндеме және сәндік жұмыстар» құзыреттілігі бойынша екінші орын алды.
Тағы бес студент үшінші орынды иеленді. Атап айтқанда, қызмет көрсету және тамақтану колледжінен Роза Зейнулова, техникалық қызмет көрсету колледжінен Анатолий Петраков, Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжден Дарья Колоскова, Ақсу қаласының жоғары көпсалалы колледжінен Герман Кресс және Ж.Мұса атындағы қара металлургия колледжінен Даниил Романов.
Былтырғы республикалық чемпионаттың жеңімпаздары Виталий Каил мен Ильсур Тукаев биыл тәлімгер ретінде шықты.
Айнұр Иманшәріпова ел чемпионатының қорытындысы бойынша іріктеу кезеңі өтетінін айтты. Ол 2024 жылдың қыркүйегінде Францияның Леон қаласында өтетін чемпионатқа баратын ұлттық құраманы анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Польшаның Гданьск қаласында халықаралық «EuroSkills» чемпионаты өтіп, оған Ақсу қара металлургия колледжінің түлегі Ильсур Тукаев пен монтаждық колледжінің түлегі Виталий Кейл қатысқан болатын. Екеуі де әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысады.