Павлодарлық бокс төрешілерінің еңбегі жоғары бағаланды
Олар бұл спорт түрін дамытуға бар күштерін салуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
29 қазан күні Қазақстан Республикасында еліміздегі ең танымал спорт түрлерінің бірі – бокс күні аталып өтеді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев пен Павлодар облысы бокс федерациясының атқарушы директоры Азамат Мақажанов Республикалық бокс федерациясы атынан Қазақстанда осы спорт түрін дамытуға қосқан үлестері үшін төрешілер Дәулет Сағиев пен Оразбай Шанашовқа марапат табыстады. Олар ҚР боксын дамытуға сіңірген еңбегі үшін төсбелгісін алды.
– Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатында павлодарлық былғары қолғап шеберлерінің жетістіктері ерекше атап өтуге тұрарлық. Атап айтқанда, 60 келі салмақ дәрежесінде Серік Теміржанов алтын медаль иегері атанса, Анжа Садвакасова қола жүлдені жеңіп алып, үшінші орынды иеленді. Қазіргі таңда өңір аумағында боксты дамыту мен насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде, бұл ретте тек қалалық орталықтар ғана емес, ауылдық округтер де айрықша назарда, – деді облыстық спорт басқармасында.
Ауылдық жерлерден шыққан жас спортшыларға жаттығу жасауға және спорттық шеберліктерін шыңдауға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, тәжірибелі бапкерлер жас боксшыларға спорттағы алғашқы қадамдарын жасауға көмектесіп, оларды жарыстарға қатысуға ынталандырып, белсенді түрде қолдауда.
Мұндай тәсіл жас спортшылардың дамуына ғана емес, олардың кәсіби мансаптағы биік шыңдарға ұмтылуына да үлкен серпін бермек.