Павлодарлық дүкендерде картоп екі есе жоғары бағамен сатылды
Тексерістерді сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық шекті сауда үстемесін сақтау бойынша мемлекеттік бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді.
Департаменттің мәліметінше, ағымдағы жылдың тоғыз айында 167 жоспардан тыс және 34 профилактикалық тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде жүзден астам сауда субъектісінен заң бұзушылықтар анықталып, оларға әкімшілік шаралар қолданылған және бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
– Кейбір дүкендерде картопқа – 106 пайыз, сәбізге – 75 пайыз, қарақұмыққа – 52,5 пайыз, тауық етіне 27,2 пайызға дейінгі сауда үстемелері анықталды. Бұл деректерден кейін баға төмендеді. Мысалы, тұз – 120 теңгеден 109 теңгеге, қарақұмық – 450 теңгеден 339 теңгеге, картоп 330 теңгеден 184 теңгеге дейін түсті, – деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілі.
Мекеме мамандарының айтуынша, егер тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының шектен тыс өсуіне тап болса, олар департаментке шағымдана алады. Ол үшін өтінішке фотосурет, чек және басқа да дәлел құжаттарды қоса тіркеу қажет.
Сонымен қатар азаматтар Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалар арқылы хабарласа алады. Электронды өтініштерді E-otinish порталы арқылы да жіберуге болады.
Еске сала кетейік, ӘМАТ тізіміне бірінші сұрыпты бидай ұны мен нан, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті мен тауық еті, сүт, айран, май, жұмыртқа, тұз және сүзбе сияқты өнімдер кіреді.