Павлодарлық этнодизайнер Kalifarniya-ға құрақтан тігілген күртешені екінші рет сыйлады

Павлодарлық этнодизайнер Kalifarniya-ға құрақтан тігілген күртешені екінші рет сыйлады
Фото: Константин Музалевский

Бұл – екі жыл бұрынғы сахна сыртындағы алғашқы кездесу мен сыйлықтың жалғасы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Талантты этнодизайнер Әсел Бекжігіттің айтуынша, алғашқы күртеше 2023 жылы «Ertis Promenade»-тың маусымдық жабылу кезеңінде берілген. Әнші оны АҚШ-қа апарып, сахнада киіп шыққаннан кейін дизайнерде тағы бір жаңа үлгісін тігіп шығу ойы туыпты. 

– Ол кісі сол сыйлықты кигеннен кейін, шетелдерде қазақтың әнімен бірге дәстүрін де, киім үлгісін де танытып жүрсе, неге тағы да жасамасқа деген ой болды. Сондай-ақ сахна төрінде Павлодарды еске алып жүрсе деген ниет бар, – дейді дизайнер.

Авторлық бұйымды дайындауда дизайнер алдымен әншінің сахнадағы стилін зерттеп, түс үйлесімділігі мен еркіндік элементтерін ескерген.

Құрақ өнерінің өзі қазақ халқының ысырапсыздығы мен әр бөлшегінің мағыналылығын айшықтайды. Дизайнер үшін – бұл тек әдемі өрнек емес, рухани мәні терең мәдени мұра.

– Құрақтың мағынасында бойтұмар, төрт құбыла тең болу, құшақ жайып амандасу, белестерге көтерілу сияқты ұғымдар бар. Міне, әнші сол мағынаны түсінгендіктен де шетелдік алғашқы концертіне тұмар ретінде киіп барды деп ойлаймын, –  дейді тігінші. 

Шебер үшін құрақ тігу – қиындық тудыратын іс емес.

– Біздің аналарымыздың бәрі – құрақ құрау шебері. Қазір матаның түр-түрі бар, сондықтан технология да қолайлы, –дейді ол.

Дизайнердің байқауынша, бүгінгі жастар толықтай ұлттық киім кимесе де, тақия, шекелік секілді бір атрибутты сән ретінде қолдана бастады. Бұл – қуантарлық жайт.

Алдағы уақытта шебер камзол, шапан сияқты дәстүрлі киімдердің түрлі үлгілерін тігіп, танымал тұлғаларға ұсынуды жоспарлап отыр. Шеберханада бос уақытында келіп отыратын балаларға тігін ісінің қыр-сыры үйретіледі. Қыздар өздеріне қажетті бұйымдарды жасап, мерекелерде мақтанышпен киеді.

Отбасы да – шебердің басты тірегі. Жолдасы алғашқы сыншы әрі кеңесші болса, балалары шығармашылық бағыттағы идеяларымен көмектеседі.

– Ер адамның ойы маңызды. Сыйлықты тек тіге салмай, оның мағынасын, ыңғайын ойластырамыз. Балаларым да стиль мен үлгі бойынша ақыл қосып отырады, – дейді шебер.

Осылайша, ұлттық нақыш пен заманауи стильді үйлестірген әр туындысы арқылы павлодарлық шебер тек сән әлемінде емес, мәдениетіміздің жаһанға танылуына да өз үлесін қосып жүр.