Тарихи сәт: Асайын Байханов екібастұздықтарды жаңа театрмен құттықтады
Бүгінде театрда кәсіби мамандар жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі өзінің жеке парақшасында өңірдің мәдени жаңалығымен бөлісті.
– Кеше кеншілер мен энергетиктердің еңбегімен танылған Екібастұз қаласы ерекше қуанышқа бөленді — көптен күткен «Ертіс-Баян» театры өз шымылдығын түрді. Бұл күнді нағыз тарихи сәт десек, артық емес. Осы игі арманды көкірегінде көп жылдар бойы алып жүрген ардақты жерлесіміз, ел абызы Шамғон Мусин еді. Үш жыл бұрын мен оған «Павлодар облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін табыстаған сәтте ол жүрекжарды тілегін айтып еді: Арманым - Екібастұзда театр ашылса екен…» - деген болатын. Өкінішке қарай, ағамыз бұл қуанышты сәтті өз көзімен көре алмай кетті, – деді Асайын Байханов.

Оның сөзінше, адам баласына күнделікті тұрмыс қамы ғана емес, рухани нәр де қажет. Өнер - жанның азығы, рухтың шуағы. Театр - сол шуағын төгетін киелі орда.
– Бұл игілікті іске атсалысқан барша азаматтарға алғысым шексіз! Өнер ұжымының шығармашылығын дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Алда - өзіне лайық еңселі ғимарат салу міндеті тұр. Бұл бастама да жүзеге асарына сенім мол. Жаңа театр - жаңа үміттің, жаңа рухтың бастауы. Сәт сапар, «Ертіс-Баян»! Сенің сахнаңнан туған қаланың рухы, елдің үні жаңғыра берсін! – деді облыс әкімі.

Екібастұзда театр ашу идеясы бірнеше жылдан бері талқыланды. Қалада кәсіби сахна ашу мәселесі өңір басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың шілдесінде талқылаудан нақты іске асыруға көшті. Сол кезде әкім Екібастұздың бай мәдени дәстүрі мен белсенді шығармашылық ортасы бар екенін айтып, театр ашуға барлық алғышарттар бар екенін атап өткен еді.
– Екібастұзда 20 жылдан астам уақыт бойы «Қайнар» ББК жанында «Маска» театралдық студиясы табысты жұмыс істеп келеді. Оның қатысушылары бірнеше мәрте республикалық фестивальдердің лауреатттары атанды. 2020 жылы «Өнер» мәдениет сарайында «Бойтұмар» жастар музыкалық-театр үйірмесі құрылды. Мұның барлығы кәсіби театрдың пайда болуына мықты негіз қалады, – деген болатын сол кезде облыс әкімі.

Жаңа «Ертіс-Баян» театры қаланың басты мәдени орталықтарының бірі - «Өнер» мәдениет сарайының жанынан ашылды. Биыл оның құрылуына бюджеттен шамамен 50 миллион теңге бөлінді. Қазір театрда 18 қызметкер жұмыс істейді, олардың 12-сі Астана, Алматы, Түркістан және Ақтөбе қалаларынан шақырылған кәсіби актерлер. Көпшілігі «Шабыт» өнер академиясының түлектері. Сондай-ақ театр қойылымдарына Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері де қатысады.
«Қош, махаббат» спектаклінің премьерасы жаңа шығармашылық ұжымның дебюті ғана емес, Екібастұзда жаңа театр маусымының басталуының символы болды. Енді бұл қала көмір мен энергияның ғана емес, өнердің де энергиясын біріктіретін рухани орталық болмақ.