Павлодарлық креаторлар Астана төрінде көрме өткізеді

Павлодарлық креаторлар Астана төрінде көрме өткізеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Астана қаласында өңірлік креативті индустрияларды дамытуға бағытталған Creative Aimaq жобасы бастау алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастыратын Creative Aimaq жобасы еліміздің өңірлік шығармашылық әлеуетін, жергілікті брендтер мен мәдени бастамаларды Астана жұртшылығы мен қала қонақтарына кеңінен таныстыруға бағытталған.

Жоба аясында Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында көрмелер, шеберлік сағаттары, мәдени бағдарламалар және жергілікті өндірушілердің өнімдерін таныстыру іс-шаралары өтеді.

Алғашқылардың бірі болып, өзінің шығармашылық әлеуетін Павлодар облысы ұсынатын болады. 25-28 маусым аралығында өңірдің креативті индустрия өкілдері өз өнімдерін, авторлық жобаларын және шығармашылық жетістіктерін Астана тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынады.

- Біздің алдымызда Ертіс-Баян өңірінің шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейде көрсету мақсаты тұр. Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы жанынан креатив бөлімі ашылған болатын. Сондықтан, көрмеге қатысты жұмысты үйлестіру біздің еншімізге тиіп отыр. Қазір тізім жасақталуда. Оған сай құрамында түрлі деңгейдегі қолөнершілер, ІТ сала мамандар және де өзгеде бағыттарды қамтитын отыздан астам павлодарлық креатор Астанадағы көрмеге қатысады деп жоспарлануда, - дейді облыстық «Шаңырақ» орталығының басшысы Замира Солтанова.

Жоба аясында келушілер өңір шеберлері мен өндірушілердің бірегей өнімдерін сатып ала алады.