Серік Елікбаев: Жолдау еліміздің болашағына деген сенімді нығайтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялап, Қазақстан халқына үн қатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жолдауға қатысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, павлодарлық Серік Елікбаев өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, Жолдауда елдің болашақ даму бағыты айқындалып, адам капиталын дамытуға, білім беру саласына және әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық берілген.
Профессор биылғы Жолдауды ерекше атап өтіп, онда мемлекеттің болашағына қатысты маңызды бағыттар көрініс тапқанын жеткізді. Әсіресе, адамгершілік құндылықтарды жоғары қою, өскелең ұрпақтың болашағына инвестиция салу және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері оның назарын аударған.
Серік Елікбаевтың пікірінше, еліміздегі балалар мен жастардың үлесі – мемлекеттің ертеңіне деген сенімнің көрсеткіші. Сондықтан жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау стратегиялық маңызға ие.
Сонымен қатар, профессор білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай жобаларды жүзеге асырумен қатар, олардың сапасына да ерекше көңіл бөлу қажет. Себебі мектептердің, ауруханалардың және жолдардың халық қажеттілігіне сай болуы – ел дамуының маңызды шарттарының бірі.
Профессор үшін Жолдаудағы ерекше мәнге ие бағыттардың бірі – ұстаз мәртебесі. Ол мұғалімнің қоғамдағы абыройын арттырумен қатар, білім беру саласы қызметкерлерінің жағдайына да басымдық берілуі керектігін атап өтті. Өйткені сапалы білім беру үшін білім алушыларға ғана емес, сол білімді жеткізетін ұстаздарға да қажетті жағдай жасалуы тиіс.
Сөз соңында Серік Елікбаев еліміздің даму бағыты айқын екенін айтып, болашаққа сенім білдірді. Оның пікірінше, нақты жоспарларды жүзеге асырып, білім беру саласын дамытуға, жас ұрпақтың сапалы білім алуына және қоғамның өркендеуіне әр азамат өз үлесін қосуы қажет. Алға қойылған мақсаттарға бірлескен еңбек пен ортақ жауапкершілік арқылы қол жеткізуге болады.