Павлодарлық кәсіпкер қайшылыққа тап болды
«Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС өкілі инвест жобаны жүзеге асыруға көмек сұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов кәсіпкермен кездесіп, құрамында жоғары көміртекті сульфидті алтын бар концентраттарды қайта өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін талқылады.
«Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС 2023 жылы жүзеге асыра бастаған жобаны 2028 жылы іске қосуды жоспарлауда.
Ерқанат Әбенов компания өкіліне-инвесторға кәсіпкерлер палатасының және оның алаңында жұмыс істейтін фронт-офистің осы жобаны қолдау жөніндегі қызметтерін ұсынды. Жобаны іске асыруға халықаралық алтын өндіруші «Polymetal» команиясы қатысады.
Құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды іске қосу нәтижесінде жылына 300 мың тонна тауар өндіріліп, 500 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – 343 миллиард 419 миллион теңге.
«Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС кәсіпкерлер палатасына Қазақстан Республикасының ережелер жинағына өзгерістер енгізуге бастамашы болуды өтініп хат жолдады. Себебі, компания инвестициялық жобаны іске асыру кезінде жұмысқа кедергі келтіретін заңдық қайшылыққа тап болды. Палата «Атамекен» орталық аппаратына осы мәселені шешуге жәрдемдесу туралы хат дайындады.