Павлодарлық кәсіпкерлер алкоголь өніміне лицензия алу үшін нені білу керек?
Жыл басынан 260-қа жуық лицензия беріліп, 280-ке жуығы жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатумен айналысатын 2150-ден астам және көтерме саудада сатумен айналысатын 50 сауда объектілері есептеледі.
– Департамент 2024 жылдың басынан бастап алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада өткізу қызметіне 250-ге жуық лицензия және алкоголь өнімін сақтау және көтерме саудада өткізу қызметіне 11 лицензия берді, – деді ведомствода.
Бұдан басқа, 40-тан астам салық төлеуші біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартты, 220-ға жуық лицензия жойылды (алкоголь өнімін сатуды тоқтату, ЖК жабу және тағы басқасы), сот шешімі бойынша 50-ге жуық лицензия тоқтатылды, сот шешімі бойынша 10 салық төлеуші лицензиядан айырылды.
МКД «Алкоголь өнімін өндіру аумағында оны сақтау және бөлшек саудада/көтерме саудада өткізу қызметін қоспағанда, алкоголь өнімін сақтау және бөлшек саудада/көтерме саудада өткізу қызметіне лицензия беру» мемлекеттік қызмет көрсетуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратынын еске салады.
– Қызметті жеке және заңды тұлғалар ала алады. Лицензия әрбір қызмет объектісіне беріледі. Лицензия алу үшін: деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасы, санитарлық және өртке қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін үй-жай, барлық коммуникациялар-сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және кәріз болуы қажет. Көтерме саудада өткізуге арналған лицензияның құны елді мекеннің санатына байланысты – 200 АЕК (738 мың 400 теңге), бөлшек саудада сатуға 30-дан 100 АЕК-ке (110760-369200) дейін құрайды, – делінген хабарламада.
Лицензия алу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
- Белгіленген нысандағы өтініш;
- Лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
- Өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар (денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылыстардың, автожанармай құю станцияларының, сауда базарларының, мәдени-демалыс ұйымдарының ғимараттарынан тыс және аумақтарында орналасқан қойма және стационарлық үй-жайларға тіркеу жүргізілгені туралы тіркеуші органның белгісі бар құқық белгілеуші құжаттар; шарттың көшірмесі осы шарттар бір жылдан кем мерзімге жасалған жағдайда жалдау немесе өтеусіз пайдалану). Көрсетілетін қызметті беруші «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесінен алады;
- Көтерме саудада өткізушілер үшін: мәлімделген қойма үй-жайында алкоголь өнімін сақтау және көтерме саудада өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын екі және одан да көп лицензиаттың болуы немесе болмауы туралы мәліметтер.
Лицензияны беру www.egov.kz «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы e-license қосымшасында жүргізіледі.
Қосымша ақпаратты облыстық МКД жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасынан +7(7182)32-58-82 телефоны арқылы алуға болады.