Павлодарлық Мәжіліс депутаты: «Баспанасыз қалған ағайынның халі қабырғаны қайыстырады»

Павлодарлық Мәжіліс депутаты: «Баспанасыз қалған ағайынның халі қабырғаны қайыстырады»

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай елдегі су тасқынына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

–  Елімізде бұрын-соңды болмаған алапат  су тасқыны халқымызды үлкен әбіргерге салуда. Әсіресе, төрт түлігі қарғын суға кетіп, баспанасыз қалған ағайынның халі қабырғаны қайыстырады,– деп жазды Жарқынбек Амантай жеке Facebook парақшасында.

Осы төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев шұғыл жиын өткізіп тиісті тапсырмаларды жүктеді. Әрі барлық шығын өтелетіндігін атап өтті. Жағдайды алдын алмаған шенділерге және бірқатар облыс әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды. Сондықтан Үкіметте Республикалық штаб құрылып жағдайды тәулік бойы бақылауға алмақ.

Десе де, қауіп әлі сейілер емес. Мамандардың болжауы бойынша кей өңірде әлі де еріген қар суынан қатер бар. Сын сағатта зардап шеккен халыққа қол ұшын созып жатқан барлық ағайынға Алла разы болсын! Ел болып жұмылып, қиындықты еңсереміз деген сенімдеміз,– деп атап өтті депутат.

Айта кетейік, Президент Қасым– Жомарт Тоқаев еліміздегі бірқатар өңірінде су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Мемлекет басшысына аймақтардағы қазіргі қалыптасқан ахуал, су тасқынының салдарын жою үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.