Павлодарлық Ник Вуйчичтің жеке көрмесі өтеді

Көрме Әділхан Қыпшақовтың шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың 4 наурыз күні сағат 17:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Әділхан Қыпшақовтың жеке көрмесі ашылады.
Ол 2005 жылы сирек кездесетін туабітті патологиямен – аяқ-қолсыз дүниеге келген. Он жасқа дейін Оңтүстік Қазақстандағы арнайы интернатта оқып, тәлім алды. Песчаное ауылының №2 орта мектебін аяқтағаннан кейін 2021 жылы Павлодар қаласының ақпараттық технологиялар колледжіне окуға түсіп, веб-әзірлеуші мамандығын меңгерді. Қазіргі уақытта С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алуда.
Әділханның «Жоғарғы және төменгі жақ аномалиясы» диагнозы белсенді оқуына және дамуына кедергі келтірмейді. 2017-2019 жылдар аралығында «Жұлдызыңды жақ» вокалдық байқауына қатысып, 2-орынға ие болды. Сонымен қатар, көптеген музыкалық байқауларға қатысып, екі рет «Таланттар шайқасы» байқауының 1-орын иегері атанды. Жас талант сурет салуға, бейне ойындарға, бейнемонтажға және шахматқа қызығушылық танытады.
Ол 2017 жылы әйгілі коуч, мотивация спикері Ник Вуйчичпен кездесуде ерекше әсер алып, тұлғалық дамуына ықпал еткен. Жас дарын болашақта өз ісінің кәсіби маманы атанып, өзгелерді өз үлгісімен шабыттандыруды армандайды.
Экспозицияда аниме стиліндегі иллюстрациялары мен отбасы архивінен алынған жеке фотосуреттері ұсынылады.