Успен ауданындағы жер конкурсы Әдеп кеңесінде қаралды

Успен ауданындағы жер конкурсы Әдеп кеңесінде қаралды
Фото: Ақмарал Есімханова

Нәтижесінде заң бұзушылықтар қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Әдеп кеңесі Успен ауданындағы жер комиссиясының жұмысына қатысқан үш мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік істі қарады. Олар – қазіргі уақытта Павлодар ауданы әкімінің орынбасары, бұған дейін Успен ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Талғат Бещембаев, ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуандық Айдарханов және Лозов ауылдық округінің әкімі Болат Баймульдинов.

Успен ауданы прокуратурасының прокуроры Әлихан Ибраевтың айтуынша, заң бұзушылықтар шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жерді уақытша пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс өткізу кезінде анықталған. Жер учаскесінің көлемі 160 гектарды құрайды.

– Биыл наурыз айында Успен ауданының жер қатынастары бөлімі конкурс өткізді. Екінші лот бойынша ең көп балл жинап, жер комиссиясы мүшелерінің басым дауысын алған «Мансұр» шаруа қожалығы жеңімпаз атанды. Хаттамалық шешім негізінде аудан әкімі жер учаскесін беру туралы қаулыға қол қойды, – деп хабарлады Әлихан Ибраев.

Прокурордың айтуынша, шаруа қожалығына 10 балл негізсіз есептелген. Әдетте бұл балдар жер алғысы келетін қалада, ауылда немесе ауданда кемінде бес жыл тұратын конкурс қатысушыларына беріледі. Алайда шаруашылық басшысының басқа ауылдық округте тұрғаны анықталған.

Аудан әкімінің шешімінің заңдылығы кейін сотта қаралды. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қаулыны заңсыз деп танып, күшін жойды. Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Әдеп кеңесінің отырысында жер комиссиясы отырысының бейнежазбасы да зерттелді. Материалдарға сәйкес, дауыс беруге Талғат Бешембаев, Қуандық Айдарханов және Болат Баймульдинов қатысқан.

– Мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерінен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда көзделген тәртіптік теріс қылық белгілері байқалады. Атап айтқанда, шешімдерді дайындау немесе қабылдау кезінде жеке немесе заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету фактісі бар, – деді Әлихан Ибраев.

Талғат Бешембаев сот шешімімен келісетінін айтып, Әдеп кеңесінен заңнама талаптары мен Жер ресурстарын басқару комитетінің түсіндірмелерін ескеруді сұрады.

– Сот шешімімен келісеміз. Конкурсты өткізу қағидаларының 23-тармағының 2-тармақшасына, Жер кодексінің 43-бабына, сондай-ақ Жер ресурстарын басқару комитетінің ұсынымдарына назар аударуды сұраймын. Барлығы сегіз қатысушы болды. Олардың бесеуіне аудан тұрғыны болғандықтан қосымша 10 балл берілді, – деді Талғат Бешембаев.

Жер қатынастары басқармасының маманы қосымша балдарды есептеу және конкурсты өткізу тәртібін түсіндірді.

– Жер кодексінің 43-бабында шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелерін беру кезінде осы ауданда тұратын адамдарға қосымша 10 балл берілетіні нақты жазылған. Яғни бизнес-жоспардағы көрсеткіштерден бөлек, жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі. Егер қатысушылар бірдей балл жинаса, конкурс келесі кезеңге – дауыс беруге өтеді. Бұл ретте тиісті елді мекенге жақынырақ тұратын қатысушыға басымдық беріледі, – деп түсіндірді басқарма өкілі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Мадияр Әбілдин мемлекеттік қызметті беделіне нұқсан келтіретін әрекетке байланысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілгенін хабарлады. Сондай-ақ ол жаза белгілеу кезінде кінәні мойындау және қызметтік тергеп-тексеруге кедергі келтірмеу фактілері ескерілгенін айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша Әдеп кеңесі үш мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза ретінде толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту қолдануды ұсынды.