Павлодар облысында өткен айтыстың бас жүлдесі Алматы аруына бұйырды
Май ауданы орталығында Шахан Мусиннің 110 жылдығы мен Мұқсихан Заитовтың 95 жылдығына арналған айтыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы – Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асығат Тұрғанбектің айтуынша, аталмыш жыр додасына Аспанбек Шұғатаев, Дидар Қамиев, Айым Асылбекқызы, Абзал Қабдраш, Рауан Қайдаров, Ерлан Аманқожа, Оразбек Саяхат, Қуанышбек Шарманов, Мәрес Байрон, Бөкен Жігер сынды айтыскерлер сынға түсті.
– Бас жүлдені – алматылық Айым Асылбекқызы алса, бірінші орын Баянауыл ауданының ақыны, айтыскері Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Екінші орынды – Дидар Қамиев алды. Үшінші орынды үш айтыскер алды. Олар – Абзал Қабдраш, Рауан Қайдаров, Ерлан Аманқожа, – дейді Асығат Тұрғанбек.
Еске сала кетейік, жуырда Мәрес Байрон «Күміс домбыра» республикалық жас ақындар айтысында бірінші орынға ие болған еді.