Павлодарлық оқушылар батырлар рухына арнап ағаш отырғызды

Павлодарлық оқушылар батырлар рухына арнап ағаш отырғызды
Фото: ұйымдастырушыдан

Іс-шара Ұлы Отан соғысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда «Майдан жолы» іздестіру жасағы мен «Подари Земле сад» қоры бірлесіп «Даңқ аллеясы» патриоттық-экологиялық акциясын жалғастыруда. Биылғы бастама Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы №28 мектепте өтті.

Аталмыш шара Ұлы Отан соғысына 85 жыл толуына және ҚР Қарулы күштері күніне орай ұйымдастырылды. Акция барысында қатысушылар соғыс батырларын бір минут үнсіздікпен еске алып, кейін 85 көшет отырғызды. Бұл сан тарихи датаға орай таңдалды.

Акцияға мектеп оқушылары мен ұстаздар, студенттер, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері және еріктілер қатысты.

– Әр отырғызылған ағаш – ел үшін жанын қиған батырларға тағзым. Бұл – болашаққа деген үміттің, бейбіт өмірдің белгісі, – деді «Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитов.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері акция аясында екі мыңнан астам көшет отырғызылды.