Павлодарлық полицей екі баланы өрттен алып шықты

Павлодарлық полицей екі баланы өрттен алып шықты
Фото: Константин Шелков

 102 нөміріне балалар қоңырау шалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

17 желтоқсан күні шаһардағы «Яблонька» бақшасында орналасқан үйде өрт шықты. Үйде сол кезде 17 және төрт жастағы екі бала қалған еді. Ұлының құрбысы да үйде болған. Кенеттен қою түтін шығып, балалар 102 нөміріне қоңырау шалды.

Оқиға орнына жедел жеткен оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Әсет Оспанов жанып жатқан үйге кіріп, үш баланы сыртқа шығарды. Тәртіп сақшысының әрекеті арқасында балалардың өміріне қауіп төнбеді. Балалардың анасы полицейге ризашылығын білдірді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта балалар ауруханаға жеткізілді, оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Айта кетейік, Әсет Оспанов ішкі істер органдарында 2006 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әріптестері оны күрделі жағдайларда жұмыс істей білетін, кәсіби маман ретінде сипаттайды.