Павлодарлықтар жауынгерлік джиу-джитсудан Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді
Алматыда жасөспірімдер, юниорлар, ересектер және ардагерлер арасында комбат дзю-дзюцу бойынша алтыншы Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпаратына сүйенсек, құрлықтық бәсекеге 16 елден келген 500-ден астам спортшы қатысты. Ұлттық құрама сапында турнирде павлодарлық спортшылар да өнер көрсетті.
Айталық, ардагерлер арасында Азия чемпионатының алтын медальдарын Вадим Лысенко ұтып алды. Анель Әбдірахманова мен Марат Омаров күміс медальдарды мойындарына тақса, Елдар Беков Азия біріншілігінің қола жүлдесіне ие болды. Павлодарлықтарды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әлжанов даярлады.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Екінші орында Түркіменстан, үшінші – Қырғызстан. Ұлттық құрама осы жылдың қараша айында Әзірбайжанда өтетін әлем чемпионатына қатысады.
Фото: sport_baskarmasy