Павлодарлық сарбаз әлемдік аренада ел намысын қорғауды көздейді
Павлодардағы Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінде Азия чемпионы, қатардағы жауынгер Гайдар Соснин Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр. Жас сарбаз әскери қызметпен қатар спорттағы жаттығуын да жалғастырып, алдағы уақытта әлемдік жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Гайдар Соснин Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Огневка ауылында дүниеге келген. Ол гір көтерумен мектепте оқып жүрген кезінен айналыса бастаған. Бірнеше жылдық жаттығудың нәтижесінде спорт шебері атанып, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдеге ие болған.
2025 жылы Бішкекте 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен Азия чемпионатында Гайдар Соснин қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.
Биыл наурыз айында Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлде алса, мамырда Ақтауда ұйымдастырылған республикалық жарыста бірінші орын иеленді.
– Ұлттық ұлан қатарына биыл шілде айында қосылдым. Әскерге дейін спорттық жарыстарға белсенді қатыстым. Мен үшін ең маңызды жетістіктердің бірі – өткен жылы Бішкекте жастар арасында өткен Азия чемпионатында жеңіске жетуім. Алдағы мақсатым – әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, Қазақстанның көк байрағын биік тұғырда желбірету, – дейді қатардағы жауынгер Гайдар Соснин.
Қазір жас спортшы Павлодардағы әскери бөлімде қызмет атқарып жүр. Бос уақытында жаттығуын жалғастырып, спорттық бабын сақтауға тырысады.
Гайдардың айтуынша, әскери қызмет пен спортты қатар алып жүру оған тәртіп пен төзімділікті, жауапкершілік пен табандылықты шыңдауға мүмкіндік береді.
Өскемен қаласынан әскерге шақырылған жас сарбаздың ендігі мақсаты – Азия чемпионатындағы жетістігін қайталап қана қоймай, әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғау.
Еске сала кетейік, Павлодардағы Ұлттық ұланның 6679 әскери бөлімінде жуырда 150-ден астам жас сарбаз қабылданды. Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде ант берген жас сарбаздардың қатарында джиу-джитсудан Азия чемпионы Бақтыбек Тұржанов бар.
