Павлодарлық шаңғышы Италияда Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды
Жарысқа әлемнің 16 елінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, Италиянның Валь-ди-Фьемме қаласы шаңғыроллер бойынша Әлем кубогының ақтық кезеңін қабылдады.
– Павлодарлық шаңғышы, ҚР Спорт шебері Елизавета Толмачёва шаңғы жарысынан ҚР жастар құрамасының қатарында шаңғыроллерден Әлем кубогының қорытынды үшінші кезеңіне қатысты.Жерлесіміз тауға классикалық жүріспен 13 шақырымдық жаппай көтерілуде юниоркалар арасында шаңғыроллерден Әлем Кубогы кезеңінің күміс жүлдегері атанды, – дейді басқармада.
Юниоркалар арасында шаңғыроллерден Әлем кубогының жалпы есебінде Елизавета Толмачёва үшінші орынды иеленді.
Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте жеңіп, Ұлттар кубогын қанжығасына байлады.
Қазақстандық спортшылар Щучинск (Қазақстан), Мадона (Латвия) және Валь-ди-Фьемме (Италия) қалаларында шаңғыроллерден өткен үш ӘКК қорытындысы бойынша 33 награданы жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, 14-і - күміс және 14-і – қола медаль.