Павлодарлық шәкірттер өзге өңірлердің оқушыларын IJSO олимпиадасына дайындайды

Павлодарлық шәкірттер өзге өңірлердің оқушыларын IJSO олимпиадасына дайындайды

Жобаның мақсаты – бәсекелестік қабілетті дамыту арқылы балалардың дайындық деңгейін көтеру, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

16 жастағы Павлодар қаласы №8 лицей-мектебінің оқушысы Дария Бектұрсын Астана қаласындағы республикалық физика математика мектебінің оқушысы Альтаир Ақановпен бірге «Get to IJSO» атты курс ойлап тапты. Екеуі – IJSO (International Junior Science Olympiad) 2023 жасөспірімдер арасындағы Халықаралық жаратылыстану- ғылыми олимпиадасының қола жүлдегері. Олар аталмыш олимпиадаға қатысқан кездері қазақстандық оқушылардың дайындық деңгейі төмен екенін байқаған. 

– Іріктеу сатысынан кейін ғана топтың мүшелерін дайындай бастайды. Бұл дұрыс емес. Германия, Ресей елдерінде алтын мен күмісті өз қанжығасына байлайды да, Қазақстанның құрамасына қола медальдарі қалады. Сол себепті алдын ала дайындық курстарын ашу туралы ой пайда болды. Яғни, біз осындай Халықаралық дәрежедегі қиын олимпиадада бәсекеге қабілетті оқушыларды көргіміз келеді, – деді Дәрия Бектұрсын.

Жасөспірімдер арасындағы Халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасы (IJSO) жыл сайын физика, химия және биология пәндері бойынша ұйымдастырылады. Олимпиада әртүрлі күндерде өткізілетін үш түрлі сынақтан тұрады – тест, теориялық және эксперименттік кезеңдер.

– «Get to IJSO» дайындық курстарына жазылу үшін алдымен онлайн іріктеу жүргізілді. Оған республикалық жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Енді ең үздік 10 оқушы Торайғыров университетінің базасында офлайн дайындық курстарынан өтуде, – деді Дария. 

Оның айтуынша, жобаға қатысушыларды IJSO олимпиадасын басынан өткерген, білімді оқушы мен студенттер дайындайды. Олардың қатарында – Массачусетс технологиялық институтының студенті Владислав Черданцев, Мәскеу физика-техникалық институтының шәкірті Марк Клименко және тағы да басқа талантты, дарынды оқушылар мен студенттер бар. 

Павлодарлық оқушылардың дайындық курстарына балалар тіпті Тараз, Өскемен, Алматы, Астана қалаларынан арнайы келген. Ал қыркүйекте алты адам іріктеліп, құрамамен алдағы IJSO олимпиадасына баратын болады.