Ақсу қаласында жас мамандар арасындағы ERGSkills байқауы басталды

Бұл – ERG құрамындағы колледждер мен кәсіпорындардың жастарын біріктіретін үшінші жыл сайынғы чемпионат, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 13 мамыр күні Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінде өтті. Осы күні қатысушылар екі құзыреттілік бойынша – «Электрмонтаждау» және «Өндірістік автоматика» бағыттарында бақ сынады.
Шараның ресми басталғанын білдіретін қызыл түймені «Алюминий» дивизионының операциялық директоры және «Қазақстан алюминийі» АҚ бас директоры Владимир Красноярский, облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаимова, ERG жобалық кеңсесінің менеджері Олжас Мамырбаев, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның персонал және мәдениет жөніндегі директоры Александр Носов пен колледж директоры Алма Айтуарова басып, чемпионатқа ресми түрде старт берді.
«Электрмонтаждау» бағыты бойынша 13 қатысушы өз шеберліктерін көрсетті. Бас сарапшы Леонид Графтың айтуынша, қатысушылар 10 сағат ішінде екі тапсырманы орындауы тиіс.
– Бірінші модуль – лифт схемасын құрастыру, екіншісі – қозғалыс датчигі бар жарықтандыру жүйесі. Монтаждан бөлек, балалар алгоритмді бағдарлап, оны микроконтроллерге жүктеп, схеманы іске қосады. Барлығы бағаланады: нақтылық, эстетика, жұмыстың дұрыстығы және өз жұмысын таныстыра білуі, – деп атап өтті ол.
«Өндірістік автоматика» құзыреттілігі бойынша 7 адам қатысуда. Тапсырма – жиілік түрлендіргіштер мен Siemens контроллері негізінде конвейер моделін құрастырып, іске қосу.
– Құрастырудың дұрыстығы бағаланады, яғни жүйе алгоритмге нақты сай жұмыс істеуі керек, – деп атап өтті бас сарапшы Нұрсұлтан Тоқтар.
Биылғы чемпионатқа төрт құзыреттілік бойынша 40-қа жуық студент пен жас маман қатысып отыр. Олар — «Электрмонтаждау», «Өндірістік автоматика», «Қалып жасау ісі» және «CAD инженерлік графикасы» бағыттарында сынға түсуде. Байқау WorldSkills халықаралық қозғалысы стандарттарына сәйкес өткізіліп жатыр. Бұл қозғалыс жұмысшы мамандықтарға арналған ең үздік тәжірибелер мен стандарттарды енгізуді мақсат етеді.
ERGSkills байқауы жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру, болашағы бар жас кадрларды анықтау және оларды Еуразиялық Топ кәсіпорындарына тарту мақсатында ұйымдастырылуда. Айта кету керек, 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған.
Байқаудың салтанатты жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 15 мамыр күні сағат 10:00-де өтеді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, жұмысқа орналасу кезінде басымдыққа ие болады. Бұрынғы жылдардағы үздік қатысушылар Қытайда тағылымдамадан өткен.
Еске сала кетейік, Қытайда өткен екі апталық тағылымдама барысында павлодарлық студенттер мен жас мамандар кәсіби шеберлік байқауына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Дәнекерлеу технологиясы бойынша барлық жүлделі орындарды қазақстандықтар иеленді. Үздік атанған Райхан Наркенова – дөң тау-кен байыту комбинатының өкілі. Қатысушылар өз құзыреттері бойынша үздік нәтиже көрсетіп, халықаралық сертификаттар мен тәжірибе жинады. Тағылымдама «Колледждерге арналған ERG» жобасы аясында өтті.