Павлодарлық студенттер Астанада топ жарды

Павлодарлық студенттер Астанада топ жарды
Фото: Станислав Кириченко

Байқауға мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанның жас IT-мамандары халықаралық деңгейде өздерінің әлеуетін дәлелдеп келеді. Солардың бірі Торайғыров университетінің дарынды студенттері Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan бағдарламасының жеңімпаздары атанды. Жас программистер ұсынған инновациялық жоба NeuroNews сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды. 

Жеңімпаз команданың мүшелері Станислав Кириченко, Ислам Күленов және Нұрдәулет Өмірзақ жасаған NeuroNews веб-қосымшасы медиа саласындағы рутинді жұмысты жеңілдетуге бағытталған.

Станислав Кириченконың айтуынша, жоба мақсаты жаңалықтарды жасанды интеллект көмегімен жазу, өңдеу және редакциялау.

– NeuroNews жобасы жасанды интеллект арқылы жаңалықтар жазу, редакциялау және жариялау процесін автоматтандыратын веб-қосымша. Аталмыш платформа журналистердің уақытын үнемдеп, жаңалық мәтіндерін автоматты түрде дайындауға мүмкіндік береді, – дейді жас зерттеуші.

Команда қосымшаны инклюзивті ортаға бейімдеп, дауыстық көмекші – жаңалықты тыңдау мүмкіндігі, контрастты интерфейс көру қабілеті шектеулі адамдар үшін ыңғайлы тақырып, дауыспен басқару жүйесі – қолданушыға жеңіл әрі қолжетімді басқару тәсілі сияқты мүмкіндіктерді енгізді.

– Болашақта жобаға көз қозғалысы арқылы басқару функциясы мен WordPress платформасымен толық интеграция енгізу жоспарланып отыр. Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan – жас IT-мамандар мен стартаперлерге арналған ірі халықаралық хакатон және акселерация бағдарламасы, – деді Станислав Кириченко.

Сайысқа Қазақстан, Ресей және ТМД елдерінен келген мыңнан астам IT-мамандар қатысып, 200-ден аса жоба ұсынылған.  

– Steppe компаниясы бізге жаңалықтар дайындау процесін автоматтандыру жөнінде нақты тапсырма берді. Біз тек техникалық тұрғыдан емес, әлеуметтік бағытта да шешім жасауды мақсат еттік. Сол себепті қосымшамызға инклюзивті элементтер қостық, – дейді жас IT-маман. 

Станислав Кириченконың айтуынша, NeuroNews әзірге прототип деңгейінде. Дегенмен, команда Steppe компаниясымен серіктестікті жалғастырып, жобаны толық іске қосуға ниетті.

Қатысушылардың айтуынша, жобаны дамытуға арналған жаңа кезеңдер қарастыруда. Команда өнімді жетілдіріп, оның қолдану аясы мен функционалын кеңейтуді жоспарлап отыр.