Павлодарлық студенттер қылмыс орнын зерттеуді тәжірибе жүзінде үйренеді

Павлодарлық студенттер қылмыс орнын зерттеуді тәжірибе жүзінде үйренеді
Фото: Константин Шелков

Торайғыров университетінде болашақ мамандардың практикалық дағдыларын жетілдіруге арналған трасологиялық криминалистикалық полигон ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа полигонда студенттер аудиторияда алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекіте алады. Екі бөлмеден тұратын нысанда түрлі оқиға орындарының көріністері қайта жасалған.

Мұнда студенттер алақан мен аяқ киім іздерін анықтап, оларды жинау және бекіту тәсілдерін үйренеді. Сонымен қатар, мотоцикл қатысқан жол-көлік оқиғасы мен шартты түрде адам қаза тапқан жағдай секілді күрделі оқиғалар орнын зерттеуге мүмкіндік бар.

Криминалистикалық полигонды құру идеясын Торайғыров университетінің экономика және құқық факультетінің деканы Юрий Колесников ұсынған. Оның айтуынша, трасология қылмыс орнында қалған іздерді анықтауға, олардың пайда болу механизмін белгілеуге, іздерді бекітіп, алуға және алынған ақпаратты қылмысты ашу кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.

– Студенттермен сабақтарды ішкі істер органдарының қызметкерлері, криминалистер мен тергеушілер өткізеді. Мұнда алған білімдері олардың болашақта жұмысқа орналасуына және кәсіби қызметінде қажет болады, – деді Юрий Колесников.

Университет студенттері криминалист жұмысының практикалық қырларымен бұған дейін де танысқан. Төртінші курс студенті Диана Лутфуллина осы бағыттағы тәжірибеден кейін болашақ мамандығын криминалистикамен байланыстыруды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, криминалистің негізгі міндеттерінің бірі – қылмыс орнынан іздер мен дәлелдерді тауып, оқиғаның мән-жайын анықтау.

Торайғыров университетінде криминалистикамен қатар заманауи технологияларды қолдануға да басымдық берілмек. Университет ректоры Нұрлан Медетов жүргізушілердің жолдағы түрлі жағдайларға реакциясын тексеруге арналған арнайы тренажер әзірленіп жатқанын айтты.

– Жаңадан көлік жүргізе бастаған адам тұман немесе жолда кенет пайда болған көлеңке сияқты жағдайларға бірден дұрыс әрекет ете алмауы мүмкін. Ал тәжірибелі жүргізуші ықтимал қауіпті алдын ала болжап, жылдамдықты төмендетеді. Мұндай міндетті тестілер Ұлыбританияда шамамен 20 жылдан бері қолданылады, – деді Нұрлан Медетов.

Павлодарлық тренажерді әзірлеу кезінде Қазақстанға тән жол жағдайлары, соның ішінде жолға жылқылардың шығып қалуы және оң жақты қозғалыс ерекшеліктері ескерілмек.

Университет басшылығы бұл жобаның Қазақстан үшін ғана емес, басқа елдер үшін де жаңа шешімге айналуы мүмкін екенін атап өтті. Себебі қазіргі қолданыстағы ұқсас құралдардың басым бөлігі бейнеролик форматында ұсынылған.