Успен ауданында Алаш ардақтысын еске алды
Болыстық билігі 16 жылға жалғасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауданның мәдениет бөлімінің мәлімдеуінше, Ілияс Жаңқараұлының 180 жылдығына орай Успен аудандық мәдениет үйінде «Алаштың Ақсұңқары» атты рухани сазды кеш өткізілді. Айтулы іс-шараға Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, Алаш азаматтары жайлы тың деректерге, оның ішінде Ілияс Жаңқараұлы Успен елінің ұлы ғана емес, барша Алашқа ортақ тұлға ретінде айырықша тоқталып өтті. Рухани кешке жиналған қауым өзіне қазақ елінің ардақты, даңқты тұлғасы жайлы ақпарат алып қайтты.
Жастайынан аса зерек, ел ісіне араласуға бейім болып өскен Ілияс Жанқараұлы Баянауылда Қамариден хазіреттен сауат ашып, 16 жасында Самарқандағы Шердор медресесіне барып оқыған. Кейін Петерборда білімін орысша жетілдірді. Ана тілінен бөлек, орыс және араб тілдерін жетік меңгерген.
- Болыстық билігі 1886 жылдан басталып, үзбей 16 жылға жалғасқан. Патша Николайдың таққа отыру салтанатына қазақ даласынан барған делегацияға мүше болады. Екінші мерзімде жүргенде, 1891 жылы ақ патша мұрагері Николай Романов Ресей империясының қарауындағы аймақтармен танысу мақсатында қазақ даласына сапарлап келіп, Омбы қаласы мен Ертіс өзенінің жағасындағы қазақ ауылында болуды мақсат етеді. Қазақ даласында ақ патша мұрагерін Омбыдан он екі шақырым жердегі Ертіс өзенінің жағалауында күтіп алады. Өзен жағасында киіз үйлерден тұратын шағын қалашық пайда болып, солардың ішінде Тереңкөл болысы Ілияс Жанқараұлының да үйі болды. Патша мұрагері Жанқараұлының көрмеге арнап безендірген киіз үйінен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар – қару-жарақ, ыдыс-аяқ, ұлттық киім-кешек түрлері мен музыкалық аспаптарды тамашалайды. Тіпті, қызықты зоологиялық коллекция – бал арасы, құмырсқа, улы қарақұрт пен жыландар, одан бөлек, тас пен қола дәуіріндегі тұтыну заттары – балта, пышақ, қайла, өзге де заттарды кезіктіреді. Қазақ халқының тұрмысына қажетті заттарды көрген патша мұрагері бұл жәдігерлер туралы кітап жазуға кеңес береді. Ұлы мәртебелі қонаққа қазақ ауылының көш-керуенінен көріністер көрсетіледі. Сәйгүліктер жарысын тамашалайды. Патша мұрагері аттанып кеткен соң осы өлкенің генерал-губернаторы, барон Таубе сыйлы қонақты қарсы алуда белсенділік танытқан қазақтың би-болыстарын арнайы марапаттайды. Кейіннен қазақтың би-болыстары көрсеткен жәдігерлер Петербордағы мұражайға жеткізіліп, орыс жұртшылығының назарына ұсынылады. Олардың ішінде патша мұрагерімен бірге суретке түскен қазақтың би-болыстарының суреті (оның ішінде Ілияс Жанқарұлы да бар) Петербор мұражайынан орын алады. Бұл тарихи оқиға туралы 1891 жылғы «Дала уәлаяты» газетінде жазылып, тарихшы Юрий Поповтың «Свет далеких имен» атты кітабында да деректер келтірілген. Бұл ұлттық құндылықтар Петербордағы Орталық мұражайда орыс халқына қазақ елінің тұрмысы мен мәдениетін таныстыруға жол ашады.
- Ілияс Жанқараұлы Ресей Мемлекеттік Думасына қазақ даласынан Әлихан Бөкейхановты сайлау алдындағы науқанда оның атынан ел алдында сөз сөйлеушілердің құқығын иеленген. Оның Алаш қозғалысына да белсенді қатысқаны айтылады. 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезінің делегаты болған. Съезді шақырушылар Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, С.Досжанұлы және осы съезге қатысушылардың ішінде М.Шоқай да бар еді. Сәкен Сейфуллин кейін айрықша құрметпен шақырылғандар арасында Жанқараұлын атағаны мәлім. Ілияс Жанқараұлы бұл тұста 73 жаста еді. Қартайып қалғанына қарамастан, Алаш өкіметіне материалдық тұрғыдан көп қолдау жасаған. Аталған съезді ұйымдастыру шығындарын жабу үшін өз атынан 100 жылқыны Қарқаралы жәрмеңкесіне айдатады. Алаш үкіметінің бағдарламасы жасалғанда соңына қол қоюшылар арасында оның есімі 34-інші болып тұр.
Атап өтерлігі, Жанқара ұрпағының жазғы жайлауы – қазіргі Успен ауданы.
Жалпы ел арасында Ілияс Жанқараұлы Тереңкөлде дүниеге келді деген ұғым қалыптасқан. Ол сол кездегі болыстық атауға қатысты. Ол Тереңкөл болысында дүниеге келген.