Павлодарлық теміржолшы шетел азаматтарына домбыра жасайды
Қазақстандықтар биыл жетінші рет Ұлттық домбыра күнін атап өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2018 жылы шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын.
Домбыраның құдіреті мен киесін ұғынған жан ғана аспапқа ұлттық нақыш беріп, «жан» бітіре алады. Павлодарлық Баязит Қуандық – сондай хас шебердің бірі. 40 жылдан астам домбыра жасауды кәсіп еткен ағаш ұстасы Ұлттық домбыра күні қарсаңында домбыраның жасалу құпиясымен бөлісті.
Қуандық Баязит 1949 жылы Павлодар қаласында дүниеге келіп, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия мектебін тәмамдады. Бала кезінен суретші болуды армандаған. Алайда ата-анасы бала Қуандықты алысқа оқуға жібермеді. Мектеп бітіргеннен кейін теміржолшы болып жұмысқа орналасады. Сол кезде ағаштарды жоңып, ұршық, қобдиша, бесік істеп, қолөнермен айналысып кетеді.
– Домбырада ойнайтын шетел адамдары маған әрдайым домбыраны жөндеуге өтініш білдіретін. Олардың көңілдерін қалдырмау мақсатымен реставрация жасап, өңдеп домбыра жасауды үйреніп алдым, – дейді қарт ұста.
Ағаш ұстаның сөзінше, түлеп ұшқан Абай мектебінде домбыра сабағынан беретін ұстазға аспапты игеру керектігі жайлы ниет білдірген. Көп сын айтылғанына мойымаған ағаш шебері 1980 жылдардың аяғында музыкалық колледжге білікті ұстаздарға алғаш рет домбыраға ноталарын дұрыс қойып беру үшін барады.
– Осылайша, тез үйреніп кеттім. Кейін 2000 жылдардың басында Астанаға барып, тапсырыстар ала бастадым. Теміржолдың түнгі жұмысынан кейін пойыззға отырып, тапсырыстарын орындап, өзім жеткізіп беретінмін, – дейді ол.
Осылайша қалалық мектептер де қарқынды түрде тапсырыстар бере бастаған. Бұдан бөлек, Қуандық Баязитовтың домбыралары ЭКСПО 2017 көрмесінде, «Ұлы дала елі» этнофестивальнде ұсынылды. 1995 жылы Алматыда өткен «Үкілі домбыра» атты күйшілер байқауына қатысып, бағын сынады.
– Өз басым домбыра шерте алмаймын, – дейді ол.
Шебер адам домбыраға ерекше реңк, дизайн беру мақсатымен оюларды да сызады.
– Астанада жүргенде бір айтыскер ақын домбыраға ерекше футляр жасауымды өтінді. Мақтанғаным емес, айналамызда сол кезде футляр жасайтын ешкім болмады. Мен осының бірнеше үлгісін жасадым. Өрнегін ойып, суретін салып, дермантиннен жасайды, – деп еске алады шебер.
Қуандық Баязитов домбыраларды қайың ағашынан жасайды. Ағаш ұстасының айтуынша, бүгінде қажет заттардың барлығын табу оңай, сауда орталықтары мен ағаш базарларында сатылады. Орташа есеппен бір домбыра жасауға ең кемі бір күн, ең көбі бір апта уақыт жұмсайды. Шебер әр дүниенің жасалу ерекшелігі мен саз үндестігін ұлттық таным түйсігі арқылы жеткізуге тырысады.
Ұста әрдайым ұлттық құндылықты насихаттау ниетімен кішкентай домбыраларды өзімен бірге алып жүреді. Сондай-ақ, балаларды домбыра үйірмесіне беруге кеңес береді. Себебі, домбыра жасаумен айналысса, уақытты бос өткізбейді.
Оның сөзінше, аспаптың тапсырысқа сай пішімі, өлшемі болады. Алдымен өлшеп сызасың, содан соң кесесің және суға салып қоясың. Мұнан кейін қалыпта иіледі. Шанағы жонылады. Құрастырылып, желімделеді. Кептіріп, 3 мм қалыңдықта бет тақтай дайындалады. Одан бөлек бас, құлақ, мойын, серіппе, тұғырын жеке-жеке қалыпқа келтіру арқылы домбыра құралады. Домбыра жасау тиянақтылықты, сабырлықты, қажырлықты, еңбекқорлықты, махаббатты, көп уақытты талап етеді.
Бұдан бөлек, қарт шебер футляр жасаумен айналысады. Оюларды үлкейту немесе кішірейту, дәлдеп салып, пышақпен ою көп уақытты алады.
– Бұл – жалқаудың жұмысы емесі анық. Осы ісімді Тәуелсіздік алғанға дейін 80-жылдардың ортасында бастадым. Еске алсам, домбырасүйер қауым күн сайын көбейді, – дейді ол.
Қуандық Баязитов болашақта естелік ретінде балаларына, немерелеріне кішкентай домбыраларды табыстағысы келеді. Бүгінде қолөнершінің екі ұлы, үш қызы бар. Әкесінің қолөнер қабілеті үлкен қызына дарыған. Қазіргі таңда ол тігінмен айналысады.
Ағаш ұстаның ойынша, домбыраның жаманы жоқ, әркімнің талғамы ерекше болады. Оның байқуынша, басқа аспаптарды жасауға тырысса да, көбінесе домбыраға деген сұраныс жоғары.
Қарт ұстаға еліміздің әр түкпірінен тапсырыстар түседі.
Үлкен домбыраны жасау бір апта уақытты алса, кішкентай домбыраларды көбінесе тойларда үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, «Өнерлі өлмейді, байлықты көрмейді» демекші, кейіпкеріміздің өмірі жайлы сюжеті Германия телеарналарынан көрініс тапты. Оған бұл туралы көршісі айтқан.
Қазіргі таңда кішкентай домбыралардың бағасы 4000 теңге, ал үлкен домбыралардың бағасы 25000 теңгеден бастау алады.
Айта кетейік, Қуандық Баязитовқа «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Павлодар облысының ерекше адамы» деген атақ берілген болатын.