Павлодарлық украин мәдениеті серіктестігінің төрағасы дүниеден өтті
Т. Шевченко атындағы «Украин мәдениеті серіктестігі» ҚБ төрағасы Парипса Михаил Сергеевичпен қоштасу рәсімі бейсенбі күні сағат 10.00-де өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚХА хатшылығының мәліметінше, Парипса Михаил Сергеевич 1946 жылы 15 қарашада Украина Республикасының Винница облысы, Липовец ауданы, Россоша ауылында дүниеге келген.
1964 жылы Россошан жалпы орта мектебін бітірді.
1965 жылы Киев республикалық мәдениет қызметкерлері мектебін «Клуб қызметкері» мамандығы бойынша, 1975 жылы Н.Шверник атындағы Мәскеу еңбек академиясын «Еңбек экономикасы» мамандығы бойынша, 1996 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы драма ұжымының басшысы, кейін С.М. Киров атындағы Киев мәдениет сарайы директорының орынбасары лауазымдарында бастаған.
1966 жылдан 1967 жылға дейін Ташкент қаласындағы жер сілкінісінің зардаптарын жоюға қатысып, Киев құрылысшылары комсомол комитетінің (ЖМК-2) мәдениет қызметкері, хатшысы болып жұмыс істеді.
1968 жылы комсомол жолдамасы бойынша Павлодар қаласына энергетика объектілерін салуға келді (Павлодар ЖЭО - 3), № 3 СУТЭО-да тас қалаушы-монтажшы болып жұмыс істеді.
1969 жылдан 1976 жылға дейін ГПТУ45, ГПТ148 бастауыш комсомол ұйымының шебері, хатшысы, № 148 және №5 Павлодар кәсіптік-техникалық училищелерінің аға шебері, «Павлодарстройпут» басқармасы оқу комбинатының аға шебері болып жұмыс істеді.
1976 жылдан 1978 жылға дейін «Қазстальмонтаж» Павлодар басқармасының шебері, инженері болып жұмыс істеді.
1979 жылдан 1988 жылға дейін Павлодар облыстық халықтық бақылау комитетінің инспекторы, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1988-2015 жылдары мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық комитетінің төрағасы болды.
1992 жылдан бастап Т. Шевченко атындағы «Украин мәдениеті серіктестігі» ҚБ төрағасы болып қызмет еткен.
Парипса Михаил Сергеевич бүгін, 4 сәуірде дүниеден өтті.