Павлодарлық университетте Қытай Жаңа жылын қарсы алды
Инновациялық Еуразия университетінде Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі ресми баяндамаларсыз, шынайы мәдени алмасу форматында атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл мереке жоғары оқу орнының Қытай Халық Республикасындағы серіктестерімен үш жылдық ынтымақтастығының жалғасына айналды. Қытайлық қонақтар үшін Павлодар шағын қала болғанымен, олардың айтуынша, дәл осы жайт ерекше атмосфера сыйлайды.

– Қала өте таза, адамдары жағымды әрі мейірімді, – деп атап өтті Қытай мен Орталық Азия арасындағы мәдени алмасу орталығының (Сиань) жетекшісі Чжу Ли.
Бірлескен жұмыс уақытында тараптар бірнеше бағытты іске қосты, соның ішінде университет базасында қытай тілі орталығы ашылды. Ол байланыстарды дамытуда ЖОО ректоры Шыңғыс Мәкеновтің маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өтті.


– Мерекелік бағдарлама күнделікті мәдениет төңірегінде өрбіді. Қонақтарға каллиграфия, қағаздан дәстүрлі ою қию және тұшпара түю бойынша шеберлік сағаттары ұсынылды. Жиналғандар иероглифтер мен символдардың мағынасын талқылап, Қытайда қызыл түстің неліктен сәттілікпен байланыстырылатынын түсіндірді, ал сахнада концерттік нөмірлер дайындалды, – делінген хабарламада.
Шыңғыс Мәкеновтің айтуынша, университетте Қытай Жаңа жылын өткізу идеясы баяғыда пайда болған.

– Біз ҚХР-дың жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқанымызға үшінші жыл болды. Жақында қытай тілі орталығын аштық және студенттеріміз бен серіктестерімізді осы дәстүрмен таныстыратын мәдени іс-шара өткізуді жоспарлаған едік, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ИнЕУ-дегі мереке тек экзотиканы көрсету емес, академиялық байланыстарды нығайтудың тиімді тәсіліне айналды.