Павлодарлық жекпе-жекшілер республикалық жарыста чемпиондық белдік жеңіп алды

Павлодарлық  жекпе-жекшілер республикалық жарыста чемпиондық белдік жеңіп алды
Фото: Павлодар облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясы

«ACAD OPEN-2023» турниріне еліміздің әр өңірінен 200-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл додада Павлодар облысының намысын «ABYLAI» және «Өркен» спорт клубының жекпе-жекшілері қорғады. ACAD тұжырымы бойынша Ақмола облысының Степногорск қаласында өткен панкратионнан республикалық чемпионаттан жерлестеріміз ҮШ чемпиондық белдік жеңіп алып келді.

– Жекпе-жек пен панкратион қоян-қолтық төбелес түрі болса да, екеуінің ережесі бөлек. Соған қарамастан, біздің жігіттер бұл жарыста да атой салып келді. Степногорскқа ат арытып барған батырларымыздың барлығы дерлік жеңіс тұғырынан көрінді.  Чемпионат нәтижесі бойынша павлодарлық жекпе-жекшілердің еншісінде үш алтын (чемпиондық белдік), алты күміс, екі қола жүлде бар, – дейді Павлодар облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Данияр Жұмаділ.

Атап айтсақ, ағайынды Ислам, Ильхан Сыздықовтар мен Илья Дробашко чемпион атанды. Ал Диас Нұрланов, Ризабек Манабаев, Карим Маденов, Хамза Марат, Расул Қайыргелді мен Руслан Клинг екінші орынды қанжығалады. Райан Айтмұхамбет пен Мойылды ауылындағы «Тұлпар» спорт клубының тәрбиеленушісі Бахтияр Билялов қола жүлдені қанағат тұтты.

Айта кетерлігі, «ACAD OPEN-2023» республикалық турнирінде Павлодар облысы Жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының вице-президенті Нұрлан Әбетжанов пен федерациямыздың бас бапкері Алтынбек Рщанов төрелік етті.